МТРА жаңалықтары

2015 жылмен салыстырғанда өңірімізде жетім балалардың саны 20 пайызға кеміді

Ғалия Ілиясова – СҚО білім басқармасы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау бөлімінің басшысы:

– Балалар үйінің жеткіншектері отбасында тәрбиеленуі тиіс. Сол кезде ол қатыгез болып өспейді. Былтыр біз 16 баланы қамқорлыққа, 15-ін патронаттық тәрбиеге бердік. 36 баланы қазақстандықтар, 2 балғынды шетел азамттары асырап алды.

Бір қуантарлығы, түзеу мекемелерінен шыққан, маскүнемдік дертін жеңген 58 адам ата-ана құқығын қайтарып алып, туған балаларымен қауышыпты. Осы ретте мемлекет тұл жетімдердің де отбасында тәрбиеленуіне жағдай жасауда. Мысалы, бөтеннің баласын бауырына басқандарға бір реттік демеуқаржы ретінде 170 мың теңге беріледі. Оған қоса биылдан бастап жағдайы жеткен бір жанұяға көп дегенде 10 бірдей баланы заң жүзінде асырап алуға мүмкіндік жасалады.

Ғалия Ілиясова – СҚО білім басқармасы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау бөлімінің басшысы:

– Баланы қамқорлыққа алатындарға қатаң талаптар қойылмайды. Құжат ресімдеу үрдісі барынша жеңілдетілген. Болашақ ата-аналардың жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Оларға педагог болу міндетті емес. Тек үйлерінен әр балаға 4 немесе 15 шаршы метрден орын бөлсе жетіп жатыр. Әр баланың киім-кешегі мен тамағы үшін мемлекет 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы төлейді. Оған қоса оны асырап алған әкесі мен шешесі жеке-жеке ай сайын 40 мың теңге жалақы алатын болады.

Білім басқармасындағылардың айтуынша, қазір бірнеше баланы қамқорлықтарына алғысы келетін жанұялар табылып, өтініштерін тапсырып жатыр екен. Олар білім басқармасымен, балалар үйімен келісім шарт жасасады. Бір қуантарлығы, өңірімізде жетім балаларды жеке қамқорлығына алушылардың саны артып келеді.

Гүлшат Арықова – қала тұрғыны:

– Қазір бейбіт заман, халықтың тұрмыс жағдайы жақсы. Бірақ соған қарамастан жетім балалардың саны азаяр емес. Осы күні жағдайы келетін жанұялар мен сәби сүю бақытын сезіне алмағандар өз махаббаты мен мейірмін ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға арнаса игі. Балалардың толық отбасында тәрбие алуына жағдай жасап, қоғамның жақсаруына біршама үлес қосар еді.

Гүлшат Арықованың інісі Біләл Сапенов 90-шы жылдары балдызының тұл жетім атанған 4 баласын асырап алыпты. Сол кезде өзінің 3 баласы болған. Бүгінде барлығы ер жетіп, үйлі-баранды болған. Әке мен шешенің орнын басқан жезделеріне алғыстарын айтуды ешқашан ұмытпайды дейді Гүлшат Арықова.
Қазір облыс аумағында 11 жетімдер үйі бар. Келешекте олардың саны азаяды. Ал онда тәрбиеленетін жеткіншектер өзгенің болса да аялы алақанын сезінеді деген үміттеміз.

Берік Қасен