Спорт

Петропавлда кикбоксингтен СҚ кубок турнирі өз мәресіне жетті

Дидар Төлебаев – жарысқа қатысушы, Қостанай қаласы:

– Менің қарсыласым өте мықты. 67 келі салмақ дәрежесінде танымал. Сондықтан, ол жайлы ести салысымен, жарысқа дайындығымды арттырдым. Жеңетініме сенімді болдым. Келешекте Азия мен Әлем чемпионатына жолдама алып, сол жерде жеңіске жетуге тырысамын.

Кикбоксинг ережелері бойынша, жекпе-жек спортшылардың толық түйісуі бойынша өтеді. Бас пен денеге берілетін соққы қолмен де, аяқпен де орындалады.

Жалпы турнир осымен 17-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Дүбірлі додаға 6 қала мен облысымыздың 4 ауданынан бетке ұстар 90 спортшы жиылған. Ақтық ойында жасөспірімдер мен ерлер арасында 20 кездесу өткізіліп, жеңімпаздар анықталды.

Сабыржан Сақтағанов – жарыстың бас төрешісі:

– Турнир Ауғанстан жерінен Кеңес әскерлерін шығаруға арналған. Сайысқа еліміздің мықты спортшылары келді. Кикбоксшылардың дайындық дәрежесі өте жоғары. Сондай-ақ, жарыста жақсы нәтижеге жеткен жерлестеріміз наурыз айында өтетін ел чемпионатында облыстық құрама сапында өнер көрсетпек.

3 күнге созылған турнирде жеңіс тұғырынан көрінген былғары қолғап шеберлері алтыннан алқа тағынып, кубок иегерлері атанды.