Қоғам

Петропавлда 5-ші қабаттан секірген бала аман қалды

– Строительная көшесі 8 мекен жайы бойынша орналасқан мына көпқабатты тұрғын үйдің 5-ші қабатынан секірген баланы періште қақты десе де болады. Себебі 6 жасар жасөспірім мынандай қар үйіндісіне құлаған. Соның арқасында ол ажал аузынан аман қалды.

Бұл оқиға қаңтар айында орын алған. 6 жасар Максимилиан үйінде өзі жалғыз қалып қойыпты. Далада достары ойнап жүргенін көрген ол, сыртқа шыққысы келген. Бірақ есік құлыптаулы болған. Сөйтіп, жасөспірім ойланбастан терезеден секіріпті. Баланың құлағанын байқап қалған көршілері бірден жедел-жәрдем қызметін шақыртыпты. Мұндай келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін ата аналар балаларына аса сақ болуы керек.

Олег Завьялов – облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Бала бізге жеткізілгенде өзі барлығын нақтылап айтып берді. Кеуде тұсындағы омыртқалары ауыратындығына шағымданды. Біз зертханалық зерттеулер жасап, оған 7-ші және 8-ші омыртқалары қыспа сынығын алды деген диагноз қойылды. Сонымен қатар оң жақ бүйрегіне зақым келгендігі, аздап миы шайқалғандығы анықталды.

Бір айға жуық ем-дом шараларын алған бала ауруханадан шығарылыпты. Бірақ біраз уақыт білімді үйінде қабылдамақ. Сонымен қатар денеге физикалық ауыртпалық салуға да тыйым салыныпты. Дәрігерлердің айтуынша бала биіктіктен құласа да дін аман қалаған, бұндай оқиғалар кездесіп жатады. Тіпті жазды күні ағаштың бұталарына ұсталынып, соққыны жеңілдетіп, тек жеңіл жарақаттармен құтылған жағдайлар болыпты. Ал бұл жыл басынан орын алған алғашқы оқиға екен.

 

Риат Шони