МТРА жаңалықтары

Жерлес шаңғышы Ринат Мухин Бүкіләлемдік универсиададан күміспен оралды

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

– Бұл жеңіске қол жеткізуге ат салысқан солтүстікқазақстандық конькимен жүгірушілер – Роман Креч, Татьяна Климчук, Иван Аржанников, Федор Анреев, Светлана Мальцева, шаңғышы Ринат Мухин, керлингпен айналысатын Дмитрий Гарагульді үлкен мақтанышпен айтамыз. Біздің өңір үшін Ринат Мухиннің күмістен медаль тағынуы – үлкен қуаныш. Алдағы күндері өңір спортын дамытып, үлкен жетістіктерге қол жеткізулеріңе тілектеспін.

Ерлер арасында шаңғы эстафетасының бір айналымына 4 спортшы қатысып, әрқайсысы 7,5 км-ден жүгірген. Нәтижесінде шаңғымен желмен жарыса сырғанаған біздің Ринат Мухин күміс медальді қанжығасына байлады. Жасыратыны жоқ, Солтүстік Қазақстанда шаңғы спортының кенжелеп келе жатқаны рас. Кейінгі жылдары шаңғышылардың асыға алшысынан түсе қоймаған. Ал, Ринаттың жүлдесі өңірдегі бұл спорт түріне тағы бір серпіліс берді. Оны әке-шешесі Сәуле және Александр Мухиндер жаттықтырады. Күміс жүлде – осы жандардың еңбегі деп атап кеткен Ерік Сұлтанов жаттықтарушыларға Петропавлдан үш бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.

Ал, Ринат Мухиннің өзіне ақшалай сыйақы табыс етілді. Бүгінде ол – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің магистранты. Бүкіләлемдік студеттер сайысында өз қарым-қабілетін паш еткен шаңғышы он күннен кейін өтетін Азия ойындарына жол тартпақ.

Ринат Мухин, 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері:

– Аз ел қатысқан жоқ. Медаль аламын деп күткен жоқпын. Жасырмаймын, үмітім аз еді. Белгі берілген бойда жанымды салып сырғанап, келесі ойыншыға жеттім. Өз өңірімізді ғана емес, еліміздің намысын қорғап жатқанымызды сезіндім. Тек ресейліктерге есе жібердік. Командамдағы өзге спортшылар кішкене тырысқанда алтын алуымыз да мүмкін еді.

Алматыда өткен дүбірлі додадан енді оралған спортшыларда демалуға уақыт жоқ. Жапониядағы 8-ші Азия ойындарында Ринат Мухиннен бөлек, конькимен жүгірушілер – Роман Креч, Татьяна Климчук, Дмитрий Бабенко және Елена Урванцева теріскей намысын қорғауға тас-түйін дайын отыр.

Акбопе Танирберген