МТРА жаңалықтары

Петропавлда 147 адам тұруға жарамсыз деп танылған үйлерді паналауға мәжбүр

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Бірде-бір адамның өтініші жерде қалмады. Сіздердің тапсырмаларыңыз бойынша 18 балалар алаңқайын орнатылды, 12 аулаішілік жол асфальтталды, кәріздік желілер жөнделді. Қараусыз қалған көшелерден қар шығарылды. Апаттық жағдайда тұрған 328 ағаш кесіліп, заңсыз қоқыс алаңдары жойылды. Гүлзарларда ескі ағаштардың орнына 245 түп көшет отырғызылды.

Заречный кентінің тұрғындары көпқабатты үйлер орталықтандырылған жылу құбырына қосылса, қоғамдық монша жөнделсе, балабақша ашылса деген өтініштерін айтты. Ал басқалары аулаішілік жолдар жөнделіп, балалар алаңқайын тұрғызуды сұрады. Пушкин көшесінің тұрғындарына су тартатын колонка керек. Одан кейін әңгіме ауданы магистарлді жолдарға ойысты. Қазір қаланың өзінде 50 мыңға жуық көлік тіркелген. Сырттан келетіндері қаншама. Салдарынан таңертең және кешке көлік кептелістері жиі орын алады. Осыған байланысты жүргізішілер негізгі көшелердің енін кеңейтуді сұрайды. Марат Тасмағанбетов бұл сұрақты қоғамдық кеңес мақұлдаса, Бөкетов көшесінің ені 14 метрге кеңейтіледі деді.

Петропавлда 20 апаттық үй бар. Олардан тез арада адамдарды көшіріп, үйлерді бұзу керек. Светлана Ушакова іргесі сөгіліп жатқан 2-ші Индустриальный көшесіндегі 2-ші үйде мүгедек анасымен тұрып жатыр.

Светлана Ушакова – 2-ші Индустриальный көшесіндегі 2-ші үйдің тұрғыны:

– Біздің үй 2015 жылы аппатты жағдайда деп танылды. Бірақ әлі күнге дейін құжаттар ресімделген жоқ. Ол қашан дайын болады. Біз көп күте алмаймыз. Қазір үйдің іргесі сөгіліп, төбедегі сылақтары түсіп жатыр. Қазір онда бізбен бірге 53 жастағы мүгедек әйел 4 баласымен тұрып жатыр. Оның екеуі мектеп жасында.

Шаһар басшысы Светлана Ушакова сияқты баспанаға мұқтаж адамдарға көмек көрсетіледі деді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Апаттық жағдайда тұрған үйлерді бұзу жөнінде бағдарлама қабылданды. Қазіргі таңда қаладағы 20 үйді жуық арада бұзу керек. Ол баспаналарда 147 адам тұрып жатыр. Ол жерде келешекте 5 қабатты үйлер салынады. Баспананың жобасын құрылыс бөлімі әзірлеуде. Биыл қала бюджетінен 20 млн теңге бөлінді, облыстық қазынадан қосымша қаражат сұратамыз. Ескі үйлерде тұратын отбасыларды біртіндеп басқа үйлерге көшіреміз.

Ал Клавдия Гришина Рижская қысқа көшесінде тұрады.
Кейуана үйім жардың шетінде орналасқан құлағалы тұр деп дабыл қағуда. Қала әкімі Марат Тасмағанбетов жағалауды су шайып кетпеу үшін оны фундаментпен бекітіп береміз деді.

Келесі сұрақ елдімекен ішіндегі қарды сыртқа шығару жөнінде болды. Интернационал көшесіндегі 10 үйдің тұрғындары есік алдындағы қарды коммуналдық кәсіпорындар алып кетсін деп өтінеді. Негізі ауладағы қарды азаматтар өз қаражаттарына шығаруға міндетті.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Көктемгі су тасқынына қарсы шаралар аясында біз қаланың іргесіндегі жеке секторларда жатқан қарды сыртқа шығарамыз. Ал сіздер аула ішіндегі ақ ұлпаны шығару үшін жеке кәсіпкерлерге жүгініңіз. Олар ықылы қызмет көрсетеді.

Ойқала ауданында көшелер ақ ұлпадан тазаланбайды дейді осы ауданның тұрғындары. Шаһар басшысы ұсынысты хатамаға түртіп алды. Көктем жақындап келе жатқан сайын жерлестеріміздің алаңдаушылығы артып келеді. Көбі былтырғыдай үйді қызыл су басып кете ме деп қорқады. Марат Тасмағанбетов коммуналдық кәсіпорындар көктемге сақадай сай. Техника мен құрал-жабдықтар жеткілікті деді.

Алдағы уақытта иесіз үйлер ПИК-теріне біріктіріледі. Қала бойынша кәріздік желілер мен суағарлар қалыпқа келтірілмек. Осы жұмыстарға қалалық және облыстық қазынадан қаражат бөлінбекші.


Берік Қасен