Спорт

Өңір каратэшілері Павлодар мен Омбыда өткен чемпионаттардан жүлделі оралды

Алишер Нұрғалиев – киокушинкай каратэден Еуразия чемпионы:

– Бірінші орын алғаныма бақыттымын. Маған сенген ата-анам мен мектебіме алғысымды білдіремін. Олардың арқасында бірінші орынды алдым.

Ресейдің Омбы қаласында өткен чемпионатта солтүстікқазақстандық каратешілердің қоржынына 31 медаль түсті, оның 11-і – алтын, 6-сы күміс болса, тағы 15-і – қола. Бұнымен өңір спортшыларының жеңісі аяқталған жоқ. Павлодар қаласында өткен чемпионаттан да теріскейліктер жүлделі қайтты. Өңір намысын қорғаған спортшылардың бірі алтыннан алқа тағынса, екеуі күміс медальді иеленді. 9 жасар Екатерина Серяцкаяның бұл спорт түріне ден қойғанына 4 жыл болыпты.

Екатерина Серяцкая – киокушинкай каратэден Еуразия чемпионы:

– Менде 3 кездесу болды. Оның ең қиыны ақтық кезеңі болды. 10 жасар қызбен кездестім, оны жеңу қиынға соқты.

Жалпы теріскейде киокушинкай каратэнің даму қарқыны жақсы. Ұйымдастырылатын жарыстардың бәрінен жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі оралуда.

Владимир Витченко -«Бүкілқазақстандық Киокушинкай каратэ ұйымы» РҚБ СҚО филиалының директоры:

– Біз бірқатар аймақтық чемпионаттарға қатыстық. Атап айтсақ, Қарағанды қаласында өткен жарыста спортшыларымыз жүлделі орындарға ие болды. Негізі Омбы қаласында өткен чемпионатқа баса көңіл бөлген едік. Онда теріскейліктер жалпыкомандалық есепте 31 медальмен бірінші орынды иеленді.

Алдағы уақытта спортшылар ел чемпионатында өнер көрсетіп, мамырда Румынияда өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алудан үмітті.