Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аққайың ауданының әкімі халық алдындағы қорытынды есеп беру кездесуін өткізді

Зейнолла Мырзалин – Смироново ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Еденнен жоғары шыққан жоқ. Үйдің астына су кірді. Ертең мынаның барлығы су болады. Сол былтырғы жағдай қайталанбасын дегенім ғой. Бұған ешкімді кінәлауға да болмайды. Техника жетпейтін шығар.

Бұл мәселе жалғыз Мырзалиндер әулетін ғана емес, барлық ауыл тұрғындарын алаңдатады екен. Оны аудан әкімі Дәурен Байтөлешевтің халық алдындағы есеп беру кездесуіне қатысқан бірнеше тұрғында айтып өтті.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:

– Көктемгі су тасқынын болдырмас үшін қазір қызу шаруа басталып, аудан мен әрбір ауылда жұмыс жоспары құрылды. Оған бюджеттен 9 млн теңге бөлінді. Тағы күзгі уаықтта каналдарды тереңдетіп, су өткізгіш желілерді жасадық. 70 – ке жуық жаңа құбыр орнаттық. Бұдан бөлек, қар шығару жұмыстарына қаржы бөлетін боламыз. Өткен жылы су кірген аулалар мен аудандарды ерекше назарда ұстайтын боламыз. Жоспарда 2 мотопомпа алу да бар.

Ал Жанар Жүсіпова әлеуметтік маңызды мәселені қозғады. Ол Смирново ауылына балабақша керектігін айтты.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:

– Биыл мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында Смирново ауылында 50 орынға шақталған жекеменшік балабақша құрылысы басталады. «Домстрой сервис» ЖШС келісім жасалды. Қазір жер учаскесі белгіленді. Құрылыс жұмыстарын мамыр айында бастамақпыз. Ал нысанды күзде тапсыру көзделген.

Бұл мәселені аймақ басшысы Ерік Сұлтанов облыстық білім басқармасына бақылауға алуды тапсырды. Тағы аққайыңдықтарды көшелерге жарық тарту, модульді жылыту қазандықтарына әлеуметтік нысандарды қосу және айта – айта жауыр болған жол мәселесі толғандырады. Соңғысы бойынша айтар болсақ, өткен жылы аудандағы жолдарды жөндеуге 434 млн теңгеден астам қаржы бөлініпті. Биыл бұл жұмыстар жалғасын таппақ. Баспана тұрғызуда да аудан айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:

– Өткен жылы 5780 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе артық. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында модульдік қазандығы бар 18 пәтерлі 2 баспана мен Смирново ауылында 5 жеке тұрғын үй тапсырылды. Қазіргі таңда аудан орталығында тағы екі 18 пәтерлі баспаналардың құрылысын бастау үшін жобалық – сметалық құжаттар жасалуда.

Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов биыл бұл көрсеткішті еселей түсуді тапсырды. Бірақ барлық бірдей салаларда жағдай осыншама жақсы болмады. Әттеген – ай дейтін тұстар да жетерлік. Оның барлығын кездесу барысында облыс әкімі жіпке тізді.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Биыл қар мөлшерінің шамадан тыс жауғандығын білесіздер. Сондықтан көктемгі су тасқынына сапалы дайындалу керек. Жаңа аудан орталығын аралағанда көшелерде қардың көп екендігін көріп, әкімге ақ ұлпаны сыртқа шығаруды тапсырдым. Әрине барлығы ауа райына байланысты , биыл күн тез жылиды, Десе де, қар шығарылса, ол жағдайды біршама жеңілдетеді. Осы ауданда 4 елді – мекенді су басу қауіпі бар. Оларға қорғаныш дамба жасалды. Бірақ жағдай үнемі бақылауда болады. Тағы биыл экономиканың өсімін 5 пайызға қамтамасыз ету керек. Өткен жылы «Құлан» бағдарламасын аудан тек 33 пайызға орындады. «Сыбаға» жобасы бойынша да көрсеткіш көңіл көншітпейді. Онда 72 пайыз. Ауданда мал шаруашылығын қолға алк керек.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін, ет, сүтті қайта өңдеу де ақсап тұр мұнда. Бұл салаға мемлекет қолдауы мығым болса да аққайыңдықтар оларды қолдануға құлықсыз. Ауданда жеке кәсіпкерлігін ашып, жұмыс істемей жатқандардың саны да көп. Шағын және орта бизнес саласын да біраз реттеу керек. Тағы облыс әкімі Дәурен Байтөлешовке Астраханка, Степное ауылдарында бос уақытты өткізу орталықтарын және Дайындық елді – мекенінде кітапхана ашуды қолға алуды жүктеді. Оңтүстіктен келген ағайындарды да қабылдауға да аудан белсене қатыссын деді.

Магжан Ахмадина