Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шал ақын ауданының әкімі халық алдында есеп берді

Ербол Сағдиев – Шал ақын ауданының әкімі:


–  2017 жылғы науқанға егуге 29 мың тонна дәнді және 500 тонна майлы дақыл әзірленіп қойды. Биыл 3 жарым мың тонна минералды тыңайтқыштар қолданылмақ. Былтыр біз алғаш рет қант қызылшасын ектік. Одан 14 мың тонна өнім алдық. Гектар берекелігі 350 центнеррді құрады. Биыл аумағы кеңейтілетін болады.

Диқандар 3,4 млрд теңгеге су жаңа 44 техника сатып алды. Биыл ауыл шаруашылық паркіне тағы 53 бірлік кешен қосылмақ. Сондай-ақ, ауданда мал басы артуда. Былтыр мұнда Зеңгі баба төлінің 1100 басы сатып алынды. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар қарқынды жүзеге асырылуда. Былтыр аудан бойынша мал шаруашылығына 204 млн теңге көлемінде субсидиялар бөлінді. Құрылыс көлемі де 2015 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып отыр.

Ербол Сағдиев – Шал ақын ауданының әкімі:

– Былтыр құрылыс көлемі 2 жарым мың шаршы метрді құрады. Желтоқсан айында 215 пәтерлі баспананың құрылысы бастау алды. Биыл үйлер қолданысқа берілетін болады. Су мәселесін шешу бағытында да соңғы 10 жылға қарағанда едәуір көп жұмыс атқарылды. Биыл олар жалғасын таппақ.

Есептік кездесуде жолдар мәселесі туралы да айтылды. Биыл бұл мақсатқа 757 млн теңге бөлініп, барлық қаражат игерілді. Облыс әкімі ауылды жерлерді көркейтуге жергілікті кәсіпкерлер де өз үлестерін қосу қажеттігін ескертті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Былтыр жеке шаруашылықтардың қаражатына шамамен 50 шақты әлеуметтік маңызды нысандарды қолданысқа бердік. Новоникольское ауылында Геннадий Зенченко өз ақшасына спорт сарайын салып, халық игілігіне тапсырды. Новоишимскоеның шаруалары да жолды жөндеп, тұрғындарға жағдай жасауда. Биыл да мұндай жұмыстар жалғасын табуы қажет. Сонда ғана ауылдарымыз көркейеді.

Сондай-ақ, «Агро Север» серіктестігінің директоры жиында сөз сөйледі. Белгілі болғандай, диқанның қарамағында 80 мың гектар жер бар. Алайда, ірі қара басы – 980. Облыс әкімі мұны сынға алды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Сізде жер бар. Дәнді дақылдарды егесіз. Ал, неге мал басы аз. Мұндай мүмкіндіктермен ірі қараны 8 мыңға дейін арттыруға болады ғой.

Аудан әкімінің есебінде тұрғындар денсаулық сақтау саласы бойынша көкейкесті сұрақтарын қойды. Айтуларынша көбіне дәрі жетпей жатады.

Ілия Тоқмамбетов – Еңбек ардагері:

– Бізде бұрын екі училище болатын. Қазір олар жұмыс істемейді. Тегін оқытатын жер болса, жақсы болар еді. Сондай-ақ, дәрі-дәрмекпен қамту мәселесін шешуге көмектессеңіз. 6 ай дәрі болады, кейін қаражат жоқ – дәрі жоқ дейді.

Қабдырахман Сақтағанов – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Біз қаңтар-ақпан айында қажетті дәрілермен қамтамасыз еттік. Бұл үшін қаражат қарастырылған еді. Қалған айларға да жеткілікті дәрі-дәрмек бар.

Жиында Ерік Сұлтанов аудандықтарды облыстың былтырғы жылдағы даму қорытындысымен таныстырды. Сондай-ақ, аудан әкімі алдында бірқатар тапсымалар жүктеді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Былтыр 40-қа жуық елді мекен су тасқынынан зардап шекті. Осы жолы төтенше жағдай қауырт болуы ықтимал. Сондықтан біз қазірден бастап, қамдануымыз қажет. Аудандағы экономикалық өсімді 5 пайызға арттыру керекпіз. Салықтардың уақытылы қазынаға түсуін қадағалау қажет. Әрбір шаруашылық мал өсіруді қолға алсын. Кооперативтерді көптеп құру керек. Қант қызылшасынан өнім шығару ісі биыл қолға алынып, осы жылдың желтоқсан айында кәсіпорын жұмысын бастасын. Наурыз айында 2018 жылда толық қуатта жұмыс істеуі қажет.

Сондай-ақ, облыс әкімі мектептердегі қазандықтарды ғимараттың сыртына шығару ісін жалғастыру қажеттігін ескертіп, инвестиция тартуда да қарқын қосуды міндеттеді.