МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Петропавлдағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады

Асқар Қазбаев – “Республикалық ветеринариялық зертхана” ШЖҚ РМК СҚОФ директоры:

– Біз мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасаймыз. Өткен жылы 414 млн теңгеге 1 млн 200 мыңға жуық малды тексердік. Нәтижесінде 1050 бас жануардың бруцеллезбен ауыратындығы анықталып, олар союға жөнелтілді.

Бүгін зертхананың жұмысымен танысуға аймақ басшысы Ерік Сұлтанов келді. Облыс әкімі мекеменің жабдықталуын байқап, мамандармен тілдесті.
Бұдан соң аймақ басшысы “Алтын-Адал” ЖШС ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханасына бас сұқты. Бұл жерде тек базарда саудаланатын ет өнімдері тексеріледі. Барлығы ақылы түрде. Аймақ жетекшісі аталған зертхананың меңгерушісі Шолпан Ромазановаға өнімдерді сапалы тексеріп отыру қажеттігін тағы бір мәрте қаперге салып өтті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өнімдердің барлығы жіті тексерілуі қажет. Өткенде Қарағандыда сібір жарасы вирусы бар сиырдың еті базарда саудаланып кетіп, арты адам өліміне әкеліп соқтырды. Сол себепті, барлығын сапалы қадағалаңыздар.

Облыс әкімі келесі аялдаған нысан – отбасылық үлгідегі балалар ауылы. Мұнда 6 үй бар. Оның екеуі SIP панельді. Осыдан үш жыл бұрын салынған. Жылуды жақсы ұстайды екен. Аймақ басшысы үй ішін аралап, мұнда тұрып жатқан балалармен тілдесіп, оқуларында озат болуды тіледі.
Ал Ж.Қизатов көшесі 7 В мекен жайында келешекте 860 пәтерлі жаңа тұрғын үй кешені бой көтермек. Оның құрылысымен “Казградстрой” ЖШС айналысады.

Александр Авдеев – “Казградстрой” ЖШС бас директоры:


–  Мына жерде 18 қабатты, 8 подъезді үй болады. Ал қасында балабақша салуды жоспарлап отырмыз. Одан кейін екі бірдей 25 қабатты баспана болмақ.

Баспаналар “Бәйтерек” желісі бойынша саудаланады. 1 шаршы метрі шамамен 200-220 мың теңге тұрады. Бұл ретте аймақ жетекшісі компания басшысына баға 180 мыңнан аспау керектігін қадап айтты. Сонымен қатар, жоспарланған жобаларына қарқын қосу керектігін жеткізді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз 2018-ші жылы Ресей-Қазақстан аймақаралық форумын Петропавлда өткізуге өтініш білдірдік. Сол себепті, бірінші кезекте қалаға кіреберіс көшелердегі үйлердің құрылысын жылдамдату қажет.

Бұдан кейін облыс әкімі Гастелло көшесі 42, 44 және 46 мекен жайларында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерде болды. Әр баспананы үш бірдей мердігер компания салған. Тұрғындарының айтуынша терезелерден жел соғып, едендерінен суық тартатын көрінеді. Бұл ретте аймақ жетекшісі баспананы тұрғызған компания басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл үйлерде пәтер иелері кооперативін құру керек. Жылыту жүйелерін, әсіресе, жылу торабын қадағалауға алу керек. Сонда ғана барлығы реттеледі. Сіздер, құрылысшылар, өз жобаларыңызды сапалы түрде аяқтау керексіздер.

Бұл үйлер өткен жылдың аяғында қолданысқа тапсырылыпты.

 

Риат Шони