МТРА жаңалықтары

Мәжіліс депутаттары Қызылжар ауданыныдағы бірқатар өндіріс орындарын аралап, халықпен кездесті

Бүгіндері мұнда 600 мың бас құс бар. Мына корпуста қазір соның 132 мыңы ғана орналасқан. Испандық «Зуками» құрылғылары арқасында кәсіпорындағы барлық процесс толығымен автоматтандырылған. Кешендегі 6 базадан шыққан тауық жұмыртқалары арнайы орталықтандырылған конвеер арқылы сұрыптау бөлiмiне жiберiледi.

Бұл жерге жеткен өнiмдер 6 желi арқылы көлемi мен сапасына қарай сұрыпталады. Халық қалаулылары мұнда да қызған шаруа барысын байқады.

Юрий Тимощенко – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, мұнда сұрыптау жұмыстары сапалы жүргізіледі. Кәсіпорын қарқынды дамып келе жатыр. Еңбеккерлерімен де әңгімелестік, жалақылары жақсы екен. Мұнда жаңа технологиялар енгізілуде, тағы жаңа желіні іске қосу жоспарланып отыр. Өндірістің кеңейіп жатқаны, әрине, қуантады.

Өткен жылы кәсіпорын 120 млн дана жұмыртқа өндірген. Биылғы жылы бұл көрсеткішті 30 млн-ға өсіріп, құс өнімін 150 млн данаға жеткізбекші. Кейін депутаттар Соколовкадағы «Глазок» жеке кәсіпкерлігінің ағаш өңдейтін цехында болды. Мұнда жоңқа мен тақтай, саптар әзірленеді. Тағы олардан қалған үгінділерді бизнесмен қоқыс ретінде төкпей, оны биоотын ретінде пайдаланады екен. Мәжілісмендердің келуін пайдаланып қалған кәсіпкер оларға өз проблемасын жеткізді. Биыл Валерий Глазоктың орман шаруашылығы мекемелерімен жасалған келісімі аяқталады. Ал шикізатсыз болашақты бағдарлау қиын дейді. Халық қалаулылары бұл мәселе қазір Парламентте қарастырылып жатқандығын айтты. Тиісті заң қабылданса орман пайдаланушылары, аң және өсімідік шаруашылығына қатысты біраз сауалдар шешімін таппақ. Кейін депутаттар Соколовка ауылының тұрғындарымен кездесіп, Елбасы үндеуі мен Жолдауында айтылған басым бағыттарды айтып берді.

Юрий Тимощенко – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Елбасы біздерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға шақырады. Бүгіндері бизнес қай салаға болмасын қолдау білдіруі керек. Бірақ, кей кәсіпкерлер оған асықпайды.
Тағы бір айта кететін жайт, қазір дәріханалардағы баға әр түрлі. Осыған орай қазір дәрі-дәрмектің бағасы мен сапасына қатысты заң жобасы әзірленуде. Барлық өңірлерде препаратттардың құнын бір ретке келтіру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз.

Тұрғындармен кездескен халық қалаулылары тағы жер, уақытша тіркеу және қауіпсіздікке қатысты өз пікірлерін білдерді.

 

Магжан Ахмадина