МТРА жаңалықтары

Аутист балаларды адам қатарына қосуға болады

Тәжірибе көрсеткендей, аутист баланы тәрбиелеп, оны адам қатарына қосу мамандардың емес, тек ата-аналардың қолынан келетін іс екен. Бірақ барлығы бірдей мұны түсіне бермейді дейді осы істің басы-қасында жүргендер. Көбінесе ересектер қауқарсыздық танытып, барлық міндеттер мен жауапкершілікті педагогтарға арта салғысы келеді. Астана, Алматы және Қарағанды қалаларынан келген мамандар бұл дұрыс емес деді.

Салтанат Мурзалинова – “Аутизм победим” жобасының үйлестірушісі, Алматы қаласы:

– Аутист бала сау баламен ойнай алады. Оның айқын дәлелін біз бүгін жергілікті тұрғындарға іс жүзінде көрсетеміз. Семинар-кеңесте инклюзивті ойын түрлерін, кішкентайға қарапайым дағдыларды меңгеру әдістерін үйретеміз. Аутист баланы ешқашан назарсыз қалдырмай, онымен көбірек қарым-қатынас жасау маңызды.

Мамандармен бірге аутис балалар мен олардың ата-аналары еріп келіпті. Астаналық Толқын Турапбекова осында Ален есімді ұлымен жүр. Олар бүгін көпшілік алдына шығып, өз тәжірибелерімен бөліспекші. Толқын Турапбекованың 9 жасар баласы қазір жалпы білім беретін мектепте 3-сыныпта оқиды. Анасының айтуына қарағанда, сабақ үлгерімі жақсы, қатарластарымен де араласады. Бірақ осыдан 5 жыл бұрын жағдай мүлдем басқаша болыпты.

Толқын Турапбекова – ата-ана, Астана қаласы:


– Тұңғышымның 4 жасқа дейін аутизммен ауыратындығын байқамай жүрдім. Бізбен сөйлеспеді, бірге ойнағысы келмеді. Түсініксіз стереотиптері болды. Тамақты талғап жеді. Өзі ұнатқан көшелермен жүргісі келді. Біз мұны қалыпты жағдай, баланың жай ғана еркелігі деп қабылдадық. Бірақ кейін келе оның мінезінде теріс өзгерістер көбейе бастағанын байқадық. Үнемі өзімен өзі болды. Содан кейін ғана біз мамандардың көмегіне жүгіндік.

Өкінішке қарай, өңірімізде де аутист балалар көп.

Құдабай Елукин – СҚО білім басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Бүгінде өңірімізде 300-ден аутист бала тіркелген. Соның тең жартысына жуығы мектепке дейінгі жаста. Облысымызда ондай балалармен жұмыс жүргізетін барлығы 15 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар. Онда мамандар ата-аналарға кеңес береді. Сондай-ақ, Петропавл қаласындағы “Батыр” балабақшасында 2 бірдей түзету тобында инклюзивті білім беріледі.

Аталмыш синдромның тарихына үңілсек, ең алғаш аутизм деген терминді 1912 жылы швейцар психиатрі Э.Блэхер ұсынған. Содан бері оның шығу себебін ғалымдар зерттеумен келеді. Аутизмнің белгілері түрліше болады. Бала көзге тік қарамайды, сөйлеспейді, өз дегенін істейді. Ым-ишаратты түсінбейді, дене жарақатын сезбейді. Үйінде осындай балалары бар отбасылар әлеуметтік желілерде мамандардан тегін кеңес алып, аутист балалардың ата-аналарымен тәжірибе алмаса алады. Ол үшін фейсбукте топтар құрылған. Осы туралы толығырақ ақпаратты http://autismpobedim.kz сайтынан алуға болады немесе экранда көрсетілген телефон нөмірлеріне 8 707 845 70 17, 8 701 783 53 03 қоңырау шалыңыз.

Берік Қасен