МТРА жаңалықтары

Қала әкімінің халық алдында есеп беруі жалғасуда

Былтыр дәл осы залда олар Марат Тасмағанбетовке 57 ескерту мен ұсыныстарын жеткізген. Қала әкімі оның барлығы ескеріліп, жүзеге асырылды деп отыр.

Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі:

– Бұл аудандарда 17 балалар алаңы салынды. 11 көше бойынша 10 аулаішілік жолдарға асфальт төселінді. 4 сұрақ бойынша кәріздік құбырлар мен құдықтарды тазалау және жөндеу жұмыстары жүргзілді. Сондай-ақ, былтыр Досмұхамбетов, Тоқсан би, Островский көшелеріндегі қардың тазаланып, шығарылуы бір жүйеге келтірілмегендігі жайлы айтылды. Оның нәтижесін қазір тұрғындар көріп отыр.

Былтыр жүргізілген жұмыстарын саралап болған кала әкімі кейін сөз кезегін “Қызылжар су” ЖШС бас директорына берді. Аталған аудан тұрғындарын су мәселесі толғандырмайды деп ұйғардық. Себебі, серіктестік басшысына бірде-бір сұрақ қойылмады. Есесіне “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері Александр Захарьянмен тілдескісі келетіндер микрофон алдында ұзын-сонар кезек құрды.

Любовь Слепнева, “Целинник” ПИК төрайымы:

– Менің қарамағымда 7 үй бар. Оның 4-уінде жылу тіпті төмен. Бұл – Интернационал, 94, Егемен Қазақстан, 46 мекен жайлары. Бұған дейін де қанша шағымдандық. Себебін ешкім түсіндіріп бермеді. Өзіміздің ойымызша берілетін қысым мөлшері өте аз.

Баспананың азынап тұруына бүгін “Үйіміз суық” деп атойлаған тұрғындардың өздері кәнілі болып шықты. Тұрғын үйдің жылы болуы үшін құбырларды жуып-шаю жұмыстарын уақытылы жүргізіп тұру керек екен. Бірақ, 2016 жылдың 10 желтоқсанында ғана кілті тапсырылған Гастеллодағы сужаңа үйдің суып кетуінің себебі неде? Жақында ғана қоныс тойын тойлаған мына бір топ тұрғынның қуанышы ұзаққа созылмаған көрінеді.

Андрей Рыженков, Гастелло көшесі, 46-үйдің тұрғыны:

– Жаңа жылдан кейін үйдегі температура тек 17-20 градус қана болып қалды. Көршілеріміз барлығы тоңдық деп шағымдана бастады. Кей подъездерде, тіпті 14 градусқа дейін төмендеп кетті. Кішкентай балалары барларға, тіпті, қиын.

Алесандр Захарьян, “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері:

– Сіздердің үйлеріңізде автоматты реттеу жүйесі орнатылған. Бірақ, ол қазір қолмен реттеуге ауыстырылып отыр. Себебі, сіздерде арнайы жалпы жылу есептегіш құрылғысы орнатылған. Бірақ, ол әлі іске қосылған жоқ. Яғни, коммерциялық тізімге әлі қойылмаған. Ол іске қосылған бойда бұл мәселе шешіледі.

Баспаналарына жылу есептегіш құрылғылары орналытып, бірақ іске қосылмаған мұндай көпқабатты үйлер көп болып шықты. Қала басшысы қарамағындағы бұл іске жауапты мамандарға тапсырма берді. Ақпанның соңына дейін барлық құрылғы іске қосылатын болады.

Жылыту маусымын күн жылыған бойда сөндірмейсіңдер деп шағымданып жатқан тұрғындар да болды. Қала әкімінің “Петропавл жылу желілері” серіктестігімен жеке есептік кездесу өткізу керек сияқты” деп қалжыңдайтынындай-ақ бар. Марат Тасмағанбетовтың жеке өзіне базынасын айтам деушілерге микрофон кезегі әзер жетті.

Сәуле Омарова, Лесной көшесі, 39-үйдің тұрғыны:

– Майда тастарды Лесной-Волочаевкая көшелеріне қалай болса солай сеуіп кетті. Нәтижесінде келесі көшедегі барлық қар суы бізге ағып келетін болды. 12 үй бірігіп қалалық әкімдікке мәселені жаздық. Бірақ, еш нәтиже жоқ.

Мәселе көп ұзамай шешімін таппақ. Марат Тасмағанбетов жаз шыққанда дәл осы көшеге дұрыстап қиыршық тас төсеп береміз деді. Жеке меншік тұрғын үй азаматтарының көбі қардың аршылмайтынын, тазаланса да жаяу жүргіншінің көлік жүретін жолмен жүруіне тура келетінін айтады. Досмұхамедов, Заманов, Батыр Баян және Жұмысшы кентінің көп тұрғыны осы мәселені көтерді. Өз кезегінде, Марат Тасмағанбетов биыл қала көшелерін қардан аршу үшін 260 млн теңге бөлінгенін, қыс әлі созылатын түрі бар болғандықтан бұл мақсатқа тағы қосымша қаржы сұрайтынын айтты.

Ал, вокзал маңындағы өмірі бітпейтін көлік кептелісі – нанын темір тұлпары арқылы тауып жүрген такси жүргізушілері үшін көп жылғы шешімін таппай жүрген мәселе. Олар мұны шаһар басшысына жазбаша түрде жеткізген. Бұл үшін залда арнайы жәшік орнатулы.

Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі:

– Вокзал маңында автотұраққа арналған екі алаң қарастырылады. Бұл үшін мемлекеттік бюджеттен 20 млн теңге бөлініп отыр. Арнайы тұраққа көліктер фотофиксация орнатылған шлагбаум арқылы кіргізіледі. Осылайша заңсыз таксилердің жолына бөгеу қойылмақ. Ал, тұраққа сапаржайдан туысын күтіп алушылар 20-30 минутқа кіргізіледі. Бұл тегін. Ал, заңды таксилерге арнайы белгіленген орын әзірленеді. Қазіргідей бей-берекет қозғалыс болмайды.

Кісі көп жүретін Батыр Баян-Медведев көшелерінің қиылысына бағдаршам керек деді тұрғындар. Бұл ретте Марат Тасмағанбьетов Батыр Баян көшесіндегі жол биыл жөнделіп, реті келсе бұл тілектің де орындалатынын айтты. Кейін, көктемде қызыл су жайылуы мүмкін қаланың шеткері аудандарынан қар уақытында шығарылады деп уәде етті. Ал Береке шағын ауданы гүлденген үстіне гүлдене түспек. Онда биыл 420 балаға арналған жаңа мектептің құрылысы жоспарлануда.

 

Акбопе Танирберген