Аптадағы маңызды жаңалықтар

Барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесулері жалғасуда

Маңызды құжатта көрсетілген міндеттерді жіпке тізген сенатор өзіне жақын ауыл шаруашылығы саласын да сөз етті. Теріскей – ежелден аграрлы өлке. Сондықтан, Президент айтқан тапсырмалар, яғни өнімділікті арттырып, өзімізде өсірілетін өнімді өңдеуге ерекше назар аудару қажет. Тағы депутат жайылымдық жерлер мәселесін көтерді. Соңғы уақытта осы туралы заң Парламентте қызу талқыланып жатқан көрінеді.

Серік Біләлов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Біздің елімізде 187 млн гектар жайылымдық жер бар. Ол – ауыл шаруашылығы жерлерінің 70 пайызы. Бүгіндері соның тек 30 пайызы ғана мақсатты қолданылады. Қазір қарап отырсақ, кей ауыл тұрғындарының мал жаятын жері қалмады. Сондықтан, алдағы уақытта олардың барлығын іске қосу тұрғысында жұмыстар жасалынып жатыр. Осындай заң қабылданса, бұл аграрлық секторға айтарлықтай көмек болмақ.

Кейін сөз кезегі Тораңғұл ауылдық округының әкімі Бибігүл Ермекбай мен жергілікті учаскелік инспектор Ерлан Әдиевке берілді. Олар өткен жылы атқарған істері жайлы баяндады. Бұдан соң ауданда жасалған жұмыстарды тізу үшін мінберге Мұратбек Әбішев көтерілді. Есіл ауданының жер емген шаруалары өткен жылы 204 мың гектардан астам жерге дән сіңіріпті. Жаз бойғы еңбек зая кетпей, диқандар гектарынан 18,3 центнер өнім алып, 400 мың тоннаға жуық алтын астық жиған. Сөйтіп, ауыл шаруашылығындағы жалпы ішкі өнім көлемі 2015 жылмен салыстырғанда біршама артқан. Халықты негізінен жол, баспана және ауыз су мәселесі толғандырады. Соңғысы бойынша айтар болсақ, бүгіндері аудандағы 57 елді мекеннің 87 пайызы сапалы тіршілік көзімен қамтамасыз етілген. Аудан арқылы өтетін республикалық, облыстық маңыздағы және жергілікті жолдарды қысқы уақытта қалыпты жағдайда ұстап, жөндеуге өткен жылы 600 млн теңгеден астам қаржы бөлініпті. Биыл бұл шаруа жалғасын таппақ.

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі:

– 2017 жылы Тауағаш ауылына кіре беріс жолға ұсақталған қиыршық тас төсеуге облыстық бюджеттен 40 млн теңге бөлінді. Покровка-Ильинка-Мектеп бағытындағы жолдағы жөндеу жұмыстары жалғасын табатын болады. Оған 95 млн теңге қаржы бағытталып отыр. Өткен жылы ауданда 3300 шаршы метр болатын 24 үй пайдалануға берілді. Бүгіндері тағы 12-нің құрылысы жүргізілуде. Тағы 2017 жылы 27 пәтерлі баспананы тұрғызуға республикалық бюджеттен 160 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Бұдан бөлек, жатақхананы қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Бұдан соң, кезек тұрғындардың өтініш-тілектеріне келіп жетті. Ауыл тұрғындары көтерілген мәселелеріміз уақытылы шешіледі деп отыр. Өткен жылы тұрғындар Тораңғұл ауылына жарық шамдарын тарту және қаңғыбас иттердің көзін жою туралы проблемаларды көтерген екен. Олар бүгіндері шешімін тапқан. Ал осы жиында аудан әкіміне сауал жолдауға елді мекен халқы аса құлықты болмады. Кездесуде бірен-саран ғана мәселе көтерілді. Двинск ауылының тұрғыны жазбаша түрде жолдаған өтінішінде ондағы дүкенде азық-түлік бағасы қымбат екендігін жазған.

Нұрлан Елжасов – Есіл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Аталмыш ауылдағы дүкенде азық-түлік бағасы аудандағы өзге дүкендермен бірдей. Қымбат емес. Біздер үнемі сараптама жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Әлеуметтік маңызы бар тағамдар құнының өспеуін үнемі бақылауда ұстаймыз.

Тағы жиында елді-мекенді жарықпен қамтамасыз етуші – «Севказэнерго» кәсіпорынына қатысты сауал жолданды. Оған жауап берген аудан әкімі Мұратбек Әбішев бұл мәселені қарастыратындығын жеткізді. Ал Нина Денисенконың “шаш ал десе, бас алатын” кейбір қызметкерлерге қатысты айтары бар. Өткен жылы Тораңғұл ауылындағы жолдарға қиыршық тас төселіпті. Алдайда, мердігерлер кей көшелерге таудай тастарды үйіп кеткен.

Нина Денисенко – Тораңғұл аулының тұрғыны, Есіл ауданы:

 

– Жұмысты орындаса сапалы әрі дұрыс жасау керек қой. Сұмдық, кей көшелермен жүру мүмкін емес. Үнемі үлкен тастарға шалынасың да жүресің. Қысқы уақытта қармен жабылып қалды. Ал ол ерігенде ертең тағы қиналатын боламыз.

Кейін сенатор Серік Біләлов пен аудан әкімі Покровкадағы Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжіне бас сұқты. Бір кездері депутат осында оқыған екен. Сондықтан, өзі білім нәрімен сусындаған оқу орнына келген Серік Біләлов мұражайда болып, оқу кабинеттерін аралады. Бүгіндері мұнда 604 студент білім алады. Оның 120-сы «Серпін» бағдарламасы бойынша келген. Сенатор олардың хал-жағдайын сұрастырып, колледждің материалдық-техникалық базасының айтарлықтай жақсарғандығын айтты.

Мағжан Ахмадина