МТРА жаңалықтары

“Дарын” мектеп-лицейінде өзін-өзі тану пәнінің апталығы бастау алды

Пән мұғалімі Лилия Гафиатуллина оқушыларға адамгершілік қасиеттерге байланыстырып өздерінің қиялындағы бір қаланы ойлап табуды, оның нышандары мен заңдарын құрастыруды тапсырды. Жалпы аталмыш пәнді оқыту барысында осындай тақырыптар арқылы балаларды моральдық жағынан тәрбиелеп, жақсыға үйрету көзделген.

Лилия Гафиатуллина – “Дарын” мектеп-лицейінің өзін-өзі тану пәні мұғалімі:

– Бұл пәннің өзгелерінен ерекшелігі мұнда оқушыларға баға қойылмайды. Сол себепті, олар өз ойларын ашық айта алады. Негізінен пән оқушының көңіл күйінің көтеріңкі болуын қамтамасыз етеді, яғни эмоционалдық күйін жақсартуға бағытталады.

Қазір “Дарын” мектеп-лицейінде кешенді шаралардың бірі – өзін-өзі тану пәнінің он күндігі өтуде. Бұның аясында білім ұясының фойесінде тақырыптық стендер жасалынып, жорамал жәшігі әзірленген. Мұнда оқушылар қораптағы қағаздарды алып, рухтандыратын сөздер жазылған болжамдарды оқиды. Сонымен қатар, мектеп дәлізінде жүрген бойшаң қуыршақпен кез келген адам құшақтасып, жан жылулығын сезіне алады.

Валерия Герцог – “Дарын” мектеп-лицейінің оқушысы:


–  Маған бұл пән ұнайды. Себебі, мұнда біреудің ала жібін аттамауды, жақсылық жасауды үйретеді. Достармен тату болу керектігі де түсіндіреді.

Роман Дёмин – “Дарын” мектеп-лицейінің оқушысы:

 

– Өзін-өзі тану пәні үлкенге құрмет, ал кішіге ізет көрсету қажеттігін үйретеді. Жаңа бір белестерді бағындырып, жақсы істер жасауға баулиды.

Онкүндік аясында түрлі сынып оқушылары қабырға газеттерін де әзірлейді. Шара соңында үздіктері анықталып, марапатталмақ.