МТРА жаңалықтары

Петропавлдағы көпқабатты үйлердің шатыры мен ауласы қардан баяу тазалануда

Олар жоспар бойынша 1 күннің ішінде 800 текше метрден аса ақ ұлпаны сыртқа шығарулары тиіс. Шаруаға кәсіпорынның 7 жұмысшысы мен 3 бірлік техникасы жұмылдырылыпты. Айта кетейік, бұл серіктестік қаламыздағы тек коммуналдық үйлерге тегін қызмет көрсетеді.

Данияр Усманов – “Тұрғын үй қызметі” ЖШС учаске шебері:

– Адамдардың үстіне қар құламасын деп жұмыс жасап жатырмыз. Іске өткен жұма күні кірістік. Апта соңына дейін 12 үйдің шатыры мен ауласын ақ ұлпадае тазартамыз.

Ал, шаһардағы қалған көпқабатты үйлердің шатыры мен ауласындағы қарды тұрғындар өз қалталарынан қаржы шығарып тазалаулары тиісті.

Жазира Қаражігітова – Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:

– Қала аумағын абаттандыру жөніндегі ережеге сәйкес коммуналдық емес көпқабатты үйлердің тұрғындары бұл жұмыстың бәрін өз қаражаттарына атқаруы міндетті. Яғни, олар ақша жинап шатыр мен ауланы қардан тазартатын кәсіпорын қызметкерлерін жалдайды. Кейін, арнайы техникасы бар мамандар істі атқармақ. Үйдің бір жақ қабырғасын қардан аршу 5 мың теңге тұрады.

Қаламыздағы “Бакир” ПИК құрамына кіретін 3 үй тұрғындары жыл сайын қарды өз қаражаттарына тазалатқызады. Сонда көктемде аула саз-батпаққа айналып, жертөлелерді су баспайды екен.

Нелли Насибулина – “Бакир” ПИК төрайымы:

– Биыл қар көп түсті. Қазір шатырларда қалың ақ ұлпа тұр. Оны тазалап жатырмыз. Өйткені, оқыстан төбеден қар құласа адамның денсаулығына зиян келеді. Бүгінгі күнге дейін 2 үйдің ауласын қардан аршыдық. Бұл істі мамандар атқарды.

Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясы мамандарының айтуынша жерлестеріміз үйлердің шатыры мен аулаларын қардан тазалау ісіне немқұрайлы қарайды екен. Олардың көпшілігі өз қалталарынан ақша шығарғылары келмейтін көрінеді. Сол себепті, бұл істе азаматтар да белсенділік таныста екен дейді.

Байболат Құлтанов