Спорт

Петропавлда жоғарғы дивизион командалары арасындағы 25-ші ел чемпионатының үшінші туры өз жалауын желбіретті

Риат Шони, тілші:

–  Әуе допты алақанында ойнатқан бұрымдылар жоғарғы дивизион командалары арасындағы ел чемпионатының үшінші турында қайта ұшырасты. Дәл қазір паркет үстінде кезең қожайындары теріскейлік бойжеткендер мен азулы да арынды қарсылас қостанайлық қыздар мықтыны анықтауда. Қай команданың мысы басым екендігін уақыт таразылайды.

Кіл мықты. Кіл мықтының ішінде кім мықты? Осы сауал бүгінгі жанкүйерлердің көкейінде екені сөзсіз. Себебі, паркет үстінде қос алып айқасуда. Ойынның басынан-ақ, солтүстікқазақстандық спортшылар алға шығып, мұнда қожайынның кім екенін көрсетті. Алғашқы сетті оңайлықпен еңсеріп, 18-25 есебімен аяқтады.

Келесі партияда да Есімов шәкірттері білгендерінен жаңылмады. Қарсыластардың мысын басып бұл бөлікті де өз пайдаларына шешті. Драмаға толы үшінші партия. Өкінішке қарай, ойын барысында допқа таласып жүріп 10-шы нөмірдегі “Қуаныш” командасының шабуылшысы Камила Мирсоатова жарақат алды. Ойыннан тыс қалған әріптестері үшін алаң болған теріскейлік бұрымдылар шашыраңқы өнер көрсетті. Нәтижесінде қостанайлық қонақтар бұл сетті 25-22 есебімен өз пайдаларына жазды.
Ал төртінші партияда тур қожайындары біршама жинақы ойнады. Әсіресе, Нуриля Ақжанова тамаша өнер көрсетті. Қарсылас аймаққа допты шегедей қадап, өз командасына тиісті ұпайларды алуға зор үлесін қосты.

Қарқыны мықты қуаныштыкілердің соңынан ілесе алмаған қостанайлықтар жеңіліс тапты. Қорытынты есеп 3-1, теріскейлік бұрымдылардың пайдасына шешілді.

Нуриля Ақжанова – “Қуаныш” ВК шабуылшысы:


–  Ойын жақсы өтті. Қарсыласты осал деп айта алмаймын. Өткен қос турда да бұлардан басым түскен болатынбыз. Үйде оларды 3-0 қылып ұтып, судан құрғақ шығуды көздеген едік. Бірақ белді ойыншымыз жарақат алып қалып, сүреңсіз ойнадық. Дегенменде, қажетті ұпайға қол соза алдық. Ол үшін қуаныштымын.

Енді 27 ұпай жинаған “Қуаныш” волейбол клубы турнирлік кестеде бірінші орынға нық жайғасты.

Жақып Биданов – жарыстың бас төрешісі:

– “Қуаныш” пен “Қостанай” волейбол клубтарының дайындықтары мықты. Қос команда жарысқа бұрыннан қатысып жүр. Бірақ қазір кестеде теріскейліктер көш бастауда. Айта кету қажет, өткен жылы бұл жарыс “А” және “Б” дивизиондарына бөлінген. Ал биылдан бастап Ұлттық лигада өнер көрсететін командалардың фарм клубтарына арналып жеке чемпионат қарастырылған. Сол себепті қатысушылардың саны азайды.

Жалпы ақпанның 5-і күні басталған тур тоғызына дейін жалғасады. Енді жерлестеріміз 4 кездесу өткізетін болады.

 

Риат Шони