МТРА жаңалықтары

Петропавлда қала әкімінің кезекті есеп беру жиыны өтті

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Былтыр Әбу Досмұхамбетов көшелері мен Московский бұрылысында және Мир көшелері бойында ұзындығы 1,45км болатын жол салынды. Бұдан бөлек, ұзындығы 16,8 км-ді құрайтын 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 97 көшеге қиыршықтас төселіп, тағы 42-сінде шұңқырлы жерлер тегістелді. Сонымен қатар, Жұмабаев және Сүтішев көшелерінің қиылысында «Ана мен бала» гүлбағы жасалды. Онда 16 мың шаршы метр гүлзар және 10 мың шаршы метр көгал отырғызылды.

Шаһарда су тасқынына қарсы іс-шаралар да күшейтілген. Күн сайын облыс орталығын ақ ұлпадан тазалау үшін 180 бірлік техника жұмылдырылған. Бүгінге дейін Петропавлдан 480 мың текше метр қар шығарылыпты. Сондай-ақ, қазір Есіл өзені маңында, оның ішінде Борки кенті мен Набережная көшесі бойында жыралар қазу бойынша 3 жоба әзірлену үстінде. Бұл мақсатта 598 млн теңге бөлінген.

Қала әкімі Марат Тасмағанбетовпен кездесуге халық көптеп жиылды. Әрқайсы өз сауалдарын жолдау арқылы оған тұшымды жауап алып, арқалап келген проблемаларын шешуге үмітті. Жолданған сауалдардың дені «Петропал Жылу Желілері» және «Қызылжар су» серіктестіктері басшылықтарына бағытталған. Жиынға келген басшылық «Ертең келіңіз, мәселеңізді шешеміз» немесе кейін хараласып, жауабын айтамыз деп қысқа ғана қайырып отырды.

– Какой адрес?

– Мира 218, запишите, я уточню и отвечу.

Кейін тұрғындар берілген мүмкіндікті пайдаланып, қала әкімі Марат Тасмағанбетовке бірден бірнеше сұрақтарын жолдады. Людмила Шеломенцова Жұмабаев көшесіндегі суағарды қайта қалпына келтіруді өтінді.

Людмила Шеломенцова – қала тұрғыны:

–  Жұмабаев көшесінде жол салу кезінде суағарлар құммен бекітіліп қалған. Енді көктем кезінде су жер үйлер жаққа қарай барады ғой. Өйткені, тас жол сәл биіктетілді ғой.

Марат Тасмағанбетов бұл мәселені қарастырып, жақын арада шешілетіндігін айтты. Ал қала тұрғыны Лариса Костученко көктем кезінде саяжайда жұмыс істеу қиындап кетті дейді. Өйткені олардың жер учаскесі маңында зират орналасқан екен.

Лариса Костученко – қала тұрғыны:

–  Міне, көктем де жақындап қалды. Енді саяжайдағы қызу жұмыс басталады. Бірақ біз Новопавловка жаққа барудан қорқып отырмыз. Қасымызда зират бар. Жыл сайын ол біздің жер учаскемізге жақындап келеді. Осы мәселені біржақты етсеңіздер.

Марат Тасмағанбетов – қала әкімі:

 

– Мұндай мәселе есептік кездесулерде бірінші рет көтеріліп отыр. Сондықтан, оны ұжымдық отырыста қарастыру керек. Сізді де осы жиынға шақырамыз. Онда жер қатынастары бөлімінің мамандары болады. Сол жерде бәрін шешетін боламыз.

Жалпы кездесуде шаһар басшысына 100-ден астам сұрақ жолданды. Оның дені апаттық ағаштарды кесу, жол жөндеу мен балалар алаңқайын орнатуға қатысты болды. Енді Марат Тасмағамбетовтің кезекті халық алдында есеп беру жиыны ақпанның 6-сы қалалық мәдениет үйінде өтеді деп жоспарланған.

Айгерим Ержанова