МТРА жаңалықтары

Биыл Петропавлдың бірқатар шет ауданын су басу қаупі бар

Қайролла Ғалеев – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Ауа райы мәліметі бойынша ақпан және наурыз айларында қар жылдағы мөлшерден көп жауады. Қаңтар айының өзінде Петропавлға 105 мм ақ ұлпа түсті. Сондықтан, біз қазірден қарды сыртқа шығарып жатырмыз. Бұл іске 160 млн теңге бөлінді. Былтырғыдай жағдай қайталанбас үшін алдын алу жұмыстары облыс орталығында қызу жүргізілуде.

Облыс орталығын қардан тазалауға жауапты мердігер – “Су-808” серіктестігі. Қазір 11 бригадаға бөлінген кәсіпорын қызметкерлері күні-түні бел жазбай жұмыс істеуде. Олар бүгінгі күнге дейін шаһардан 475 мың текше метр ақ ұлпаны сыртқа шығарыпты. Дегенмен әлі атқарар шаруа жетерлік. Серіктестік басшысына қала әкімі Марат Тасмағанбетов жұмыс күшін арттыруды тапсырды.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Сіздер қаланың шеткері аудандарын назардан тыс қалдырмаңыздар. Тұрғындардың өтініші бойынша жұмыс істеу қажет. Жалпы, қала сыртындағы аудандардан тағы 120 мың текше метр қарды шығару керек. Сондықтан, уақытылы іске кірісіңіздер.

Апат айтып келмейтіні белгілі. Сондықтан, тұрғындар көктем мезгіліндегі тасқынға сақадай сай болуы қажет. Сол себепті, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары қазір су басу қауіпі бар аудан тұрғындарымен кездесуде. Олар халыққа сақтық ережелері жазылған жадынама қағаздар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Владимир Хутинаев – Петропавл қалалық ТЖБ бас маманы:

– Қазіргі уақытта біздің мамандар “Береке”, “Жұмысшы”, “Ойқала”, “Қапай” аудандары тұрғындармен профилактикалық кездесулер өткізуде. Көктем айларында үйлерді су басып жатса қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының 80-нен аса қызметкері халыққа көмектеседі. Егер де тасқынның қарқыны күшті болса құтқарушылардың саны арттырылады. Техникамыздың жағдайы да жақсы. Бүгінде бізде 13 бірлік көлік жұмыс істеп тұр.

“Қазгидромет” мамандарының ақпараты бойынша өңірдегі қар наурыз айының соңында ери бастайды. Бұл уақытта ауа температурасы +8 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде. Айта кеткен жөн, былтыр көктемгі мезгілінде облыс орталығындағы 77 үйді қызыл су басқан еді.

 

Култанов Байболат