МТРА жаңалықтары

Облыс орталығындағы үйлердің 60%-нда металлопластик құбыр орнатылған

Максим Ананьев – «Горького 166» ЖПИК төрағасы:

– Мәселен, өткен желтоқсан айында менің қарамағымдағы Горький көшесі, 166-шы үйдегі адамдар ыстық сусыз қалды. Бұның бәрі – пластик құбырлардың кесірі. Олар жоғары температураны ұстай алмай жиі бұзылады. Сондықтан, біз тұрғындарды мұндай құбыр орнатпас бұрын дәл осындай жағдайдың орын алуы мүмкін деп ескерткен едік. Бірақ, олар құлақ аспады. Арзан әрі сапасыз пластикті таңдады.

Бүгінде Максим Ананьевтің қарамағында жалпы саны 314 пәтер болатын 6 көпқабатты баспана бар. Қазір ол үйлердің 70%-нда пластик құбырлар орнатылған. Бұл, әрине, арзанға түссе де, бірақ өте қауіпті. Сол себепті, «Петропавл Жылу Желілері» серіктестігінің мамандары дабыл қағып, тұрғындарға темір құбырларды орнатуға кеңес беруде.

Александр Захарьян – «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС бас инженері:

– Пластик құбырлардың жарылу жағдайы жиі болып тұрады. Жыл басынан облыс орталығында дәл осындай 3 оқиға тіркелді. Өйткені, пластик құбыр ішкі қысымға шыдас бере алмайды. Кейін біздің мамандар бір тәулік бойы бұл олқылықты жоюға тырысты.

Қазір облыс орталығындағы баспаналардың денінде пластик құбырлар орнатылған. Бұл шамамен 60%-ды құрап отыр. Темір құбыр орнату үшін бір пәтерден 15 мың теңге қаражат керек. Десе де, ол 20 жылға шыдас береді екен. Бірақ, тұрғындар, әлі де жарамдылық мерзімі бар болғаны бірнеше жыл ғана болатын пластик құбырларды таңдауды жалғастыруда. Бұл, әрине, оқыс оқиғаның жылына бірнеше рет қайталануаына әкеліп соқтырады.

 

Айгерим Ержанова