Қоғам

Елімізде “Б” корпусындағы мемлекеттік қызметкерлер үшін аттестация басталды

Асқар Сақыпкереев – СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

– Тестілеуді өте жақсы деген бағаға тапсырдым. Енді келесі кезеңдерге дайындалу қажет.

Бұл аттестациядан облысымыздың барлық басқарма басшылары өтуде. Әрқайсысы өз күші мен біліміне және тәжірибесіне ғана сенеді. Өйткені, мұнда шпаргалкаға қарап, телефон көмегіне жүгіну мүмкін емес. Себебі, тест тапсырушыларды камералардан тікелей Астанадағы арнайы бақылау комиссиясы қарап отыр. Биылғы сынақтың өз ерекшеліктері де бар екен.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Тестілеуге Б корпусының қызметшілері қатысуда. Бұл жерде заңдылық актілері бойынша сұрақтар болмайды. Тек қана жеке қабілеттерін анықтайтын сұрақтар болады. Оның дұрыс және қате деген жауабы да жоқ. Әрбір тестілеуден өтуші өзінің іш түйсігіне сүйеніп жауап беруі керек. Осылайша, біз олардың құзыреттілігін анықтаймыз.

Сынақ 3 кезеңнен тұрады. Алғашқысы – бағалау парағын толтыру, келесісі – құзыреттілігін бағалайтын тест тапсыру. Үшінші кезең, ол – сұхбаттасу. Бұл жұмыстар өңірде сәуір айының соңына дейін жалғаспақ. Осылайша, аттестациядан облысымыздағы 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші өтеді деп жоспарланған. Мәселен, бір күнде бұл жерде 4 лекпен 100-ден астам маман келіп, 2 сағат ішінде тест сұрақтарына жауап береді екен.

 

Айгерим Ержанова