МТРА жаңалықтары

Аққайың ауданының 11 мектебінде заманауи пеш жұмыс істеп тұр

Мектеп пешпен жылытылады. Қондырғыны 2015 жылы 11 млн теңгеге теріскейлік “Сапро-НАТ” ЖШС-і орнатыпты. Модульдік жылыту құрылғысы автоматты түрде басқарылады. Оған от жағушы тәулік ішінде тек бір рет ғана көмір салып, қалыпты температураны бақылап отырады екен.

Заманауи қондырғының артықшылығы жетерлік. Біріншіден, пеш қоршаған ортаны зиянды қалдықтармен ластамайды. Тағы, өте үнемді. Мектептің бұрынғы қазандығына жылыту маусымы кезінде 600 тонна көмір жағылыпты. Ал, жаңа құрылғыға отын 3 есе аз жұмсалады.

Жылқыбай Сүлейменов – Астрахан орта мектебінің директоры, Аққайың ауданы:

– 2015-2016 оқу жылының жылыту маусымы кезінде 210 тонна көмір жақтық. Мектеп ішіндегі ауа температурасы үнемі қалыпты деңгейде болып тұрады. Тіпті, сарышұнақ аяз күндері сыныптарда сынап бағанасы 21-23 градусты көрсетеді. Ал, бұрын салқын болатын.

Соңғы екі жыл ішінде “Сапро-НАТ” серіктестігі Аққайың ауданындағы 11 орта мектепке осындай пеш орнатқан. Енді, биыл аталған кәсіпорын заманауи қондырғыны 4 білім ұясында іске қоспақ.

Еділ Жәкенов – Аққайың аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Бұрындары біз әр мектептегі жылыту қазандықтарын 3 жыл сайын жаңасына ауыстыратын едік. Қазіргі таңда аудандағы білім ошақтарының басым көпшілігінде заманауи пеш жұмыс істеп тұр. Бұл қондырғылар ұзақ уақытқа шыдас береді. Құрылғыларды “Сапро-НАТ” ЖШС өз қаражатына орнатты. Келісім-шарт аясында кәсіпорын көмірмен де қамтамасыз етеді.

Тағы, өңір жетекшісі көршілес Аралағаш ауылындағы “Алтын” шаруа қожалығында болды. Агроқұрылым басшысы Самархан Мұқанов өткен жылы “Құлан” мемлекеттік бағдарламасы арқылы 20 бас жылқы алыпты. Ата кәсіпті дамытып отырған азаматқа Ерік Сұлтанов етті бағыттағы мал санын артыруды жүктеді. Кейін, өңір жетікшісі елді мекендегі халық ансамблінің ғимаратына да соқты. Нысанға өткен жылы күрделі жөндеу жасалыпты.
Ал, мынау – Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебі. Осыдан бірер жыл бұрын білім ошағының шатыр мен терезелері жаңасына ауыстырылған екен. Білім ұясында тағы атқарар шаруа бар.

Геннадий Зенченко – “Зенченко и К” КС бас директоры:

– Былтыр мектептің шатыры мен терезелері ауыстырылды. Енді нысанның есіктері жөнделсе жақсы болар еді. Өйткені, ішкі есіктердің көбінің тозығы жеткен.

Ерік Сұлтанов мектептің ішіндегі есіктерді жаңасына ауыстыруға көмек көрсетілетіндігін айтты. Тағы, бұл жерде аймақ басшысы селолық округ әкімдерімен де тілдесті. Оларға облыс басшысы халыққа мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, өз кәсіптерін ашуға көмектесуді жүктеді.

 

Култанов Байболат