Құқық қорғау органдары

СҚО ІІД жанындағы консультативтік-кеңесші орган өткен жылды қорытындылады

Жасұлан Ахметов – СҚО ІІД жанындағы консультативтік-кеңесші органның төрағасы:

– 2016 жылы консультативтік-кеңесші орган мүшелері қаламыздағы әр ауданға бекітілген учаскелік полиция қызметкерлерімен тығыз жұмыс істеді. Олар жергілікті тұрғындардың тәртіп сақшыларына деген көзқарасын білді. Тағы, былтыр бізге өздерінің жеке сұрақтарымен 7 адам келді. Сауалдардың 4-еуі шешімін тапса, 2-еуі қазір сотта қаралуда. Ал, 1 сұрақ бойынша зерттеу жүргізілуде.

Жасұлан Ахметовтің баяндамасын тыңдаған СҚО ІІД бастығы Берік Біләлов бірқатар міндет жүктеді. Соның бірі – консультативтік-кеңесші орган мүшелері наурыз айында су басу қаупі бар ауылдарды аралап, түсіндіру жұмыстары жүргізулері керек.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

– Биыл өңірде қар мол түсті. Наурыз айында біраз елді мекенді су басу қаупі бар. Сондықтан, сіздер алдын ала сол ауылдарға барыңыздар. Ол жердегі тұрғындарға қауіпсіздік шараларын ескертіңіздер.

Бұдан соң, облыстық ІІД кадрлармен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы Қапез Дәулетбаев есеп берді. Ол мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында атқарылған іске тоқталды. Былтыр қызметте жоғары нәтиже көрсеткен 3400-ден аса тәртіп сақшысына ақшалай сыйақы табысталыпты. Құқық қорғаушыларға 418 млн теңгеден аса қосымша қаражат бөлінген екен. Сонымен қатар, ішкі істер органдарының ардагерлері де назардан тыс қалмайды. Оларға еліміздің демалыс орындарында денсаулықтарын жақсарту үшін жолдама беріледі. Ендігі басты мақсат – мамандарды тұрғын үймен қамту.

Қапез Дәулетбаев, СҚО ІІД кадрлармен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы:

– Біздің басты міндетіміздің бірі – қызметкерлеріміздің әлеуметтік жағдайын жақсарту. Бұл жұмыстар облыстық ІІД тарапынан көрсетілуде. Мамандарымызға үнемі ақшалай көмек беріледі. Қазіргі таңда 500-ден аса құқық қорғаушы үй жалдап тұруда. Бұл мәселе, алдағы уақытта жүз пайыз шешімін таппақ.

Өткен жылы, баспана жалдап тұрған 153 полицейге 67 млн теңгеден аса өтемақы төленген.

 

Култанов Байболат