МТРА жаңалықтары

Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов халық алдында есеп берді

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– 2016 жылы сомасы 2 млрд теңге болатын 5 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 165 жаңа жұмыс орны құрылды. Қалаға 55,4 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы аясында 115 петропавлдық бизнесменнің өтініші мақұлданды. Бағдарлама аясында 213 адам екі қолға бір күрек тапты.

Өткен жылы 619 отбасыға баспана берілген. Қалада 107 аулаішілік жолдарға асфальт төселіп, 80 балалар ойын алаңы жабдықталған. Сонымен қатар 147 аялдама павильионы жөнделді. Шаһар ішін тазалауға 250 млн теңге жұмсалыпты. Былтыр қала бюджетіне 12 млрд теңге түсім түскен. Сол қаражаттың 28 пайызы білім саласына бағыталды. Күн тәртібінде балабақша мәселесі өзектілігін жоғалтпаған. Өткен жылы 628 орынға шақталған балабақшалар пайдалануға берілді. Осы бағыттағы мәселелерді қала әкімдігі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 2019 жылға дейін толығымен шешпекші.

Ғафура Бөстекова – қалалық 4 орта мектептің директоры:

– Өткен жылы қала қазынасынан бөлінген қаражат есебінен мектебіміз жөнделді. Жаңа компютерлер сатып алынды.

Марат Тасмағанбетов халықтың ұсыныстын аяқсыз қалдырмаймын деді. Былтыр шаһар басшысына Солнечный, Борки, Новопавловка, Кирпичный, Юбилейный шағын аудандарының тұрғындарынан 43 өтініш түскен. Қала әкімі ұсыныстың барлығы орындалды деді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Сіздердің сұрауларыңыз бойынша 24 балалар ойын алаңы тұрғызылды. 25 аулаішілік жолдарға асфальт төселді. “Солнечный” кентінде дренажжүйесі орнатылды. Жолдар қардан тазартылып, құлағалы тұрған 350 ағаш кесілді. Новопавловкадағы қоқыстар шығарылып, контейнерлер қойылды. Уәлиханов және Мир көшелерінің кейбір учаскелері орташа жөнделді.

Биылғы есептік кездесуде Марат Тасмағанбетовке айтылған ұсыныстар да аз болмады. Басым көпшілігі “Петропавл жылу желілері” серіктестігіне шағым түсірді. Көпқабатты баспаналардың тұрғындары үйдің ішіндегі температураның төмендеп кеткендігін айтуда. Үнемі жаурап отырамыз дейді.

Игорь Рыбас -“Петропавл жылу желілері” ЖШС бас директоры:

– Келесі аптада қалаға жылу берудің кестесі өзгертіледі. Жылу құбырларының диаметрі 800-ден мыңға ұлғайды. Алдағы уақытта қысым көбейтіледі. Егер сіздердің жеке сұрақтарыңыз болса, Стройтельное көшесі, 23 мекен жайындағы кеңсеме келіңіздер. Мен аптаның әр сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 4-те қоғамдық қабылдау өткіземін.

Ал Хименко және Мир көшелерінің тұрғындары балалар алаңқайын орнатып беруді сұрады. Басқалары аулаішілік жолдар жөнделсе деген өтінішітерін жеткізді. Новопавловка ықшам ауданындағылар да жолдың жағдайын айтты.
Ал Я.Гащек, Рижская көшесіндегілер аппатты жағдайдағы және ауру ағаштарды кесуді сұрады.

Берік Қасен