Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елбасының кезекті Жолдауы халыққа жол тартты

Юрий Белоног – облыстық аурухананың бас дәрігері:

– Бұл жүйеден біз нені күтеміз? Әрине, ең алдымен қаржының ұлғаюын. Бүгінгі күні денсаулық сақтау саласын қаржыландыру ЖІӨ-нің 3,5 пайызын құрайды. Ал медицианасы дамыған елдерде ол 8 пайыздан да жоғары. Сондықтан, мұндай мемлекеттермен салыстырғанда, біздің елде медицинаға қаржы аз құйылады. Тарифтер мен қаржыландыруды есейле отыра, біз қызмет көрсету сапасын жақсарта аламыз. Сонымен қатар, заманауи құрылғылар мен сапалы дәрі-дәрмектер сатып алып, мамандардың жалақысын өсіре аламыз.

Сондай-ақ, медициналық сақтандыру жүйесіне жеке ұйымдарды қосу жоспарланып отыр. Бұл ретте бәсекелестікті дамыту үшін барлық медициналық мекемелерге бірдей шарт жасау қажет делінген маңызды құжатта. Бұдан бөлек, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев министрлерге денсаулық сақтау саласындағы барлық құжаттарды электрондық жүйеге көшіруді тапсырды. Мәселен, облыстық аурухананы заманауи құралдармен жабдықтау жұмыстары 2015-ші жылдары бастау алған.
Осылайша, қазір мекемеде “Надежда” медициналық-ақпараттық жүйесі іске қосылған.

Арайлым Өмірзаққызы – облыстық аурухананың медбикесі:

– Бағдарлама өте ыңғайлы. Мұнда дәрі-дәрмекті қолдану есебі, температура парағы бар. Арнайы зерттеулер де жүргізуге болады. Кез келген уақытта дәрігер тағайындаған емнің түрін көруге болады. Яғни, бұл жүйеде біздің жұмысымызды тексеру мүмкіндігі қарастырылған. Ал бұрындары бәрі басқаша еді. Қағазбен әуре болып жүретін едік. Қазір заман өзгерді.

Елбасы медицина саласына қатысты тағы бір тапсырма берді. Ол – барлық дәрі-дәрмектің бағасын заң тұрғысында ретке келтіру. Сондай-ақ, Президент өзінің жолдауында биылдан бастап елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға басымдық берілетінін айтты.

Бүгінгі күні теріскейде аталған жоба бойынша жұмыс қызу атқарылуда. Қазір Петропавлдағы Ярослав Гашек көшесінде 45 пәтерлі жатақханаға жөндеу жүргізілуде. Бұл ғимаратта болашақта СҚО ІІД қызметкерлері тұрмақ. Ал, шаһарда үстіміздегі жылдың мамыр айында тағы да бір үйдің құрылысы басталады.

Жасұлан Ахметов – СҚО ІІД жанындағы консультативтік-кеңесші органның төрағасы:

– 100 пәтерлі үй Жабаев және Партизан көшелерінің қилысында тұрғызылмақ. Ғимараттағы баспаналарда облыстық ІІД мамандарына берілетін болады. Елбасы өзінің жолдауында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғызылатын үйлердің бірыңғай сәулет стилінде салынуына мән берілетіндігін айтты. Бұл үшін мемлекет инфрақұрылым тұрғысынан көмек көрсетпек.

Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасыны баспанамен қамтамасыз ету міндеті жүктелген.

Айгерим Ержанова