Білім

81 шетелдік қандасымыз М.Қозыбаев атындағы СҚМУ дайындық курсынан өтуде

Бағдардың айтуынша, қазіргі таңда Аспан асты елінде 2 млн-нан астам қандасымыз тұрады. Олардың барлығы ата салтын берік ұстанады екен. Ұлтымыздың дәстүріне қытайлықтар да қызығады екен.

Бағдар Асқарбекқызы – Манаша Қозыбаев атындағы СҚМУ “Foundation” факультетіндегі дайындық курсының тыңдаушысы:

– Қытайдағы қазақтарұлттық салт-дәстүрінен ажырап кеткен жоқ. Сол баяғы көшпелі салт сақталған. Өзге елде сұлтан болғаншы, өз еліңде ұлтан болғаным артық деп атажұртыма оралдым. Осында білім алып, ел дамуына үлесімді қосамын.

Қытайдан Қазақстанның солтүстік аймағына оқуға келген 30 студент Кирилица әріптерімен жазуды енді ғана үйреніп жүр. Себебі Қытайдағы қазақтардың бәрі төте (арабаша) жазып үйренген. Атажұртын аңсап келген бұл жастар кіндік қанымыз өзге елде тамса да, жанымыз қазақ, жүрегіміз де қазақ деп соғады дейді.

Жарқанат Қинауқан – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ “Foundation” факультетіндегі дайындық тобының тыңдаушысы:

– Атажұртты аңсап келдім. Мұнда тегін білім, жатақханадан жайлы орын берілді. Сол үшін рахмет. Моңғолияда үш бауырым қалды, олар да Қазақстанда білім алғанды қалайды.

Жарқанат Қинауқан Моңғолиядан елге оралған. Ол Мағжан, Ғабит және Сәбіт сиықты ақын жазушыларға ұқсағысы келетінін айтты. 14 жасынан өлең шығарады екен. Жарқанат Қинауқан аяқтан нық тұрып алған соң іні-қарындастарын атамекенге міндетті түрде ертіп әкелмекші. Негізі шетелден оралған қазақ жастары мемлекет тарапынан жағдайдың жасалып жатқанына дән риза.

Шалабай Қожаев – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ “Foundation” факультетінің деканы:

– Қазір бізде 54 шетелдік қазақ баласы оқуда. Біреуі ғана Ресейден қалғандары Қытай және Моңғолиядан келді. Біз тыңдаушылардың білім деңгейін көтеріп қана қоймай тәрбиелік шараларына да көңіл бөлеміз.

Шеттен келген қазақтардың басым көпшілігі атажұртында қалуды аңсайды. Кейбіреуінің ҚР азаматтығын алу жөнінде ықтияр хаты бар екен. Елімізде шет елде білім алғысы келетін жастардың да қатары артып кетеді. 2016 жылы 300-ден астам солтүстікқазақтандық жас шетелге оқуға түсті. Елизавета Бобылева Қытайдағы Пекин өнер академиясында оқиды. Ол да Аспан асты елінде тіл курсынан өтіпті.

Елизавета Бобылева – Пекин өнер академиясының студенті:

– Мен Қытайдың жоғары оқу орындарында берілетін білім сапалы деп есептеймін. Бірақ ол елде қалу ойымда жоқ. Қазақстанға оралып, жалақысы жоғары жұмысқа ораналасамын деген үміттемін.

Елизавета Бобылеваның айтуынша, Қытайда оқып жүрген қазақстандықтар өте көп. Жерлестеріміздің біразы Отанына оралмақшы.

Берік Қасен