МТРА жаңалықтары

Ағылшын тілін оқытатын орталық ашылды

Бұл жерде, әзірге, мектеп оқушылары шартты сөйлемдердің дұрыс құралу ережесін меңгеруде. Мұнда жеткіншектерге жас мұғалім Динара Жандосова сабақ береді. Өз кәсіпкерлігін ашқан ол жартылай тұрғызылған ғимараттың құрылысын мемлекеттің қолдауымен аяқтап, білім беру орталығын құрған.

Динара Жандосова – “Жандосова” ЖК басшысы, Айыртау ауданы:

– Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020″ 3 млн теңге алдым. Бұл ақшаға ғимаратты жөндеп, қондырғылар сатып алдық.

Ағылшын тілін оқытатын орталықтың қызмет құны аса қалта қақпайды. Білім алғысы келетіндердің саны 6-ау болса онда әрбіреуі айына 6 мың төлейді. Ал, 10 адамнан құралған топтың әрқайсысына 5 мың теңгеден келеді. Әмір Миктасов – Саумалкөл қазақ орта мектебінің 8-сыныбында оқиды. Ол ағылшын тілін жіті меңгеру үшін осында жазылыпты.

Әмір Миктасов – Саумалкөл қазақ орта мектебінің 8-сынып оқушысы, Айыртау ауданы:

– Мен ағылшын тілін меңгергім келеді. Өйткені, қазіргі уақытта әрбір жас шет тілін білуі керек.

Болашақта талапты мұғалім Динара Жандосова орталыққа білікті ағылшын тілі мамандарын жұмысқа алуды көздейді.
Жалпы бүгінде Айыртау ауданында мемлекеттік бағдарламалар қарқынды жүзеге асуда. Өткен жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы 27 жоба мақұлданып, халыққа 75 млн теңге несие беріліпті. Ал, биыл тұрғындардан 35 бизнес-жоба бойынша өтініш түскен. Оларға үстіміздегі жылы 90 млн теңгеге жуық қарыз берілмек.

Байболат  Култанов