Қоғам

Петропавлдағы америкалық бұрыш жөндеуден кейін қайта ашылды

Кітапханадағы бұл бұрыш 2004-ші жылдары ашылған. Бірақ, өткен жылдың жазында орталық уақытша жөндеу жұмыстарына жабылған болатын. 3 айдің ішінде мұнда жаңа жиһаздар мен компьтерлер және Американың мәдениетімен таныстыратын әр түрлі кітаптар әкелініпті. Жаңарту жұмыстарын АҚШ елшілігі өз мойнына алып, 14 мың доллар бөлген.

Рэн Эльхай – Қазақстандағы АҚШ елшілігінің пресс-атташесі:

– Бұл – американдықтардың өмірімен жақын таныстыратын мәдени орталық. Мұнда біздің тілді үйреніп, салт-дәстүрлермен танысуға болады. Бұл жерде бірнеше үйірме жұмыс жасайды. Оның ішінде пікірталас, кітап және тағы басқа клубтар да бар. Ол үшін бұл жерге Америкадан арнайы оқытушылар келіп, ағылшын тілін меңгеруге көмектесетін болады. Бастысы мұның бәрі тегін жүргізіледі.

Бұрындары бұл орталыққа айына 500 адам келетін. Енді кітапхана қызметкерлері жаңаланған америкалық бұрышқа оқырмандар одан да көптеп жиылатынына сенімді. Өйткені, мұнда қазір 10 мыңға жуық кітап бар. Оның 2 мыңы ағылшын тілінде. Қайта іске қосылған бұл клубқа келетіндердің дені жастар екен.

Айнұр Какимова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Мен СҚМУ-да оқимын. Америка бұрышының ашылғанына қуаныштымын. Бұл жерде АҚШ мәдениетімен, тілімен түрлі кітаптар оқу арқылы жақын танысуға болады. Енді жиі келетін болдым.

Ал Влада Финогеева американдықтардың өмірімен жақын таныс. Өйткені, ол өткен жылы «Flex» бағдарламасымен Айова штатында бір жыл бойы оқып келген. Тілді де жақсы меңгеріпті.

Енді Влада Америкада алған білімін осы орталықта жетілдіріп отыруды мақсат етіп отыр.

Влада Финогеева – «БЭСТ» гимназиясының оқушысы:

– Бір жыл ішінде мен американдықтарды жақсы танып білдім. Олардың өмірге деген көзқарастары мен бір-біріне деген қарым-қатынастары маған ұнады. Болашақта Әбу-Дабиге немесе Нью-Йоркте білім алсам деймін. Ол үшін мен ағылшын тілін дамытуым керек. Мұнда американдықтармен онлайн сабақ өткізу арқылы сөйлеу мәдениетін жетілдіруге болады.

Айту керек, қайта ашылған америкалық бұрыш өз оқырмандарына сейсенбі мен жексенбі күндері, таңғы сағат 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін қызмет көрсетеді.

 

Айгерим Ержанова