Қоғам

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің Лениградтан көшірілгеніне – 75 жыл

Александр Мерк – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры:

– Біздің техникумның тарихы тереңде. Алғаш көшіріліп келген жылдары толық оқытушылар құрамы болмады. Дегенмен, мұғалімдер жастарға білім берді. Ол кезде елдің жағдайы өте қиын болатын.

Ленинград блокадасында қалған Ирина Седельникова үшін Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі ерекше ыстық. Өйткені, бұл жерде оның күйеуі мен жиені және өзінің баласы оқыпты. 80-нің сеңгіріне шыққан кейуана білім ұясына жиі келіп тұрады екен. Ол жастармен кездесіп, отты жылдарда бастан кешкен оқиғаларын әңгімелеуді әдетке айналдырған.

Ирина Седельникова – блокадашы:

– Біз жау құрсауында қалған кезде мен баламын. Бірақ, тұрғындардың бір-біріне көмектесіп жатқандары әлі есімде. Үлкендер жағы балалардың қамын ойлап, тамақ тауып беретін. Ал, әке-ағаларымыз Ленинградты қорғады. Бүгінгі жастар тарихи оқиғаны білсе екен.

Қаламызға ауыстырылған техникумда студенттер білім алып қана қойған жоқ. Олар тылда еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлестерін қосты. Жастар аға буын өкілдері салып кеткен жолдан таймай, отанымызды сүйіп, оның дамуына үлесімізді қосамыз деп отыр.

Мөлдір Әпсан – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің 1-курс студенті:

– Мен осындай тарихы терең коледжде оқитынымды мақтан тұтамын. Бұл жерден сапалы білім алып, еліме қызмет етсем деймін.

Бүгінде, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде 830 студент оқиды. Олар 14 мамандық бойынша білім алуда.

 

Култанов Байболат