Қоғам

Ленинградтың жау қоршауынан азат етілгеніне – 73 жыл

Ал, фашистік Германия әскері қаланы қалайда болсын жермен жексен етуді көздеді. Жау қоршауында қалған қала жарық пен судан және жылудан айырылды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, сол жылдары 650 мың адам аштықтан көз жұмған. Тағы, 500 мың жауынгер жаумен соғысып қаза тауыпты.

Ақмарал Ибраева – СҚМУ тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– 1941 жылдың тамызында Ленинград жау қоршауында қалды. Қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету қиынға соқты. Сол жылдары “Өмір жолы” аталып кеткен Ладога өзенінің көмегі зор болды. Қыс мезгілінде мұз үстінен адамдарды эвакуациялау жүргізіліп, қалған тұрғындарға азық-түлік пен материалды көмек жеткізілді.

Дәл сол жылдары Ленинград тұрғындарының тұрмысы өте нашар болды. Адамдар киерге киім, жеуге ас таба алмады. Бұл қиындықтардың барлығын кейуана Евгения Ткачева жақсы біледі. Сол кезде блокадашы небәрі 4 жасқа толған екен.

Евгения Ткачева – блокадашы:

– Бұл көрініс менің әлі көз алдымда. Кішкентай балалар көрші үйге жиналып, терезеден сырттағы қантөгісті қарап отыратын едік. Кейін жараланғандарға барып көмектесетінбіз. Бірақ, сол жылдары азық-түлік болмағандығанан біраз адам көз жұмды. Өйткені, 40-шы жылдары бір адамға күніне 125 грамм нан берілетін. Оның дәмі әлі аузымда. Қандай ұннан пісірілетіні түсініксіз. Бірақ, кішкентай үзім нанға қол жеткізу үшін бірнеше сағаттық кезекте тұратын едік.

Евгения Ткачеваның әкесі – майдан даласына аттанғандардың бірі. Ол соғыста оққа ұшып, мерт болыпты. Ал атасы мен апасы 40-шы жылдары снарядтан көз жұмған.

Евгения Ткачева – блокадашы:

– Барлығымыз үйде отырған едік. Ол уақытта анам госпитальда ем алып жатқан. Үйде ата-әжем мен сіңлім төртеуіміз болдық. Бір уақытта біздің де үйімізге снаряд құлады. Үйдегілердің бәрі үйінді астында қалды. Атам мен әжем сол жерде қаза тапты. Ал сіңлім екеуіміз аман қалдық.

1957 жылдың жазында Евгения Ткачева Петропавлға қоныс аударған. Ол осында ет комбинатына механик болып қызметке орналасып, тұрмыс құрады. Қазір қария – бір ұлынан 3 немере, 4 шөбере сүйіп отырған бақытты әже.

 

Эльмира Сәдуақасова