Қоғам

314-атқыштар дивизиясы Ленинградты жау қоршауынан азат етуге қатысқан

Александр Чухно – тарих ғылымдарының кандидаты:

– 1941 жылдан 44 жылға дейін 314 атқыштар дивизиясының тағдыры Лениградты жаудан босатумен тікелей байланысты болды. Әскер бірнеше рет жойқын жорықтар жасап, блокаданы бұзуға барынша тырысты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2 күн ішінде үш мың жауынгер ұрыста көз жұмған. Нәтижесінде дивизия сапындағы 10 мың әскердің тек мыңға жуығы елге оралды.

Елі мен жері үшін қасық қаны қалғанша күресіп, зұлмат соғыста қаза тапқан қаһармандарды кейінгі ұрпақ өкілдері бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жыл сайын даңқты дивизия құрметіне орнатылған ескерткіш басына қызыл қалампыр ұстап, ата-баба рухына тағзым етуге келетіндердің қарасы қалың. Олардың қатарында 18 жасар Манас Ермек те бар. Жас азамат ата-баба ерлігін ұмытпау парызымыз дейді.

Манас Ермек – СҚУ колледжінің студенті:

– Бүгін біз ҰОС қатысқан 314 иатқыштар дивизиясын еске алуға жиылып отырмыз Олар елімізді сақтап қалуда үлкен ерлік көрсетті. Біз оларды мәңгі ұмытпаймыз.

Ұрыс даласына аттанған әскерді керек-жарақпен қамтамасыз етуде
тыл еңбеккерлерінің үлесі зор. Олармен миллиондаған тонна астық өндіріліп, жылы киімдер жіберілген. Ахметжан Рамазанов ҰОС басталғанда небәрі 5 жаста еді. Бірақ, сол жылдардағы қиыншылық әлі есінде.

Ахметжан Рамазанов – тыл ардагері:

– Қыс уақытында масақ жинайтынбыз, оны қуырып күн көрдік. Сол жылдардағы халық тұрмысы да нашар еді.

314 атқыштар дивизиясы солтүстік-батыс майданда Ленинград облысындағы 22 елді-мекенді жаудан азат етіп, “Өмір жолын” ашуға ат салысты. Көрсеткен өшпес ерлігі үшін екінші дәрежелі Кутузов орденімен марапатталған. Жалпы бүгінде біздің арамызда 109 ҰОС қатысушысы және Ленинград қоршауының 12 тұрғыны ғана бар.