Өнеркәсіп

“Компания Углежог” ЖШС айына 120 тонна қайың көмірін шығарады

Александр Павлов – “Компания Углежог” ЖШС цех басшысы, Айыртау ауданы:

– Ормандағы қайыңды рұқсатпен ғана кесеміз. Кейін, аралаған жердің барлығын тазалаймыз. Тағы, қанша түп ағаш алсақ, дәл сол жерге сонша көшет егеміз. Бір тәулікте кәсіпорын қызметкерлері 36 текше метр ағашты пайдаға жаратады.

“Компания Углежог” серіктестігі өз жұмысын 2015 жылы бастапты. Кәсіпорынның цехы Айыртау ауданына қарасты Лавровка селосында орналасқан. Нысан 450 млн теңге жеке қаржыға тұрғызылған екен. Бұл ақшаға көмір дайындайтын қондырғылардан бөлек, 4 пеш орнатылған.

Байболат Құлтанов, тілші:

– Қайың көмірі мынандай қызуы күшті пештерде үш кезеңде дайындалады. Алдымен кептіріледі, сосын қыздырылады. Ал, үшінші – пиролиз. Бұл кезеңде мынандай бөшкелерге ауа бармайды екен. Осылайша қайың көмірі дайындалады.

Пештерде қайың ағашы 4 жарым сағат қыздырылады. Оның барысын технолог Александр Бобела жіті бақылайды. Ол сапалы көмір алуға қажетті температураны қадағалап отырады екен.

Александр Бобела – “Компания Углежог” ЖШС технологы, Айыртау ауданы:

Қайың көмірі дайын болғанша пештегі үрдісті мұқият бақылаймын. Ағаш 360 градуста жанады. Ал, қызу одан төмен болса сапалы өнім ала алмаймыз. Жалпы, күніне 4 тонна көмір әзірленеді.

Кәсіпорын Қарағандыдағы металлургиялық кремний өндіретін зауытпен келісімшарт жасасыпты. Бір ай ішінде серістестік 120 тонна теріскейде өндірілген тауарды Орталық Қазақстанға жөнелтпек.

Александр Павлов – “Компания Углежог” ЖШС цех басшысы, Айыртау ауданы:

– Кремний алу үшін қызуы күшті көмір керек. Сондықтан, Қарағандыдағы зауыт басшылығы біздің өнімге қызығуышылық танытты. 1 тонна қайың көмірін 125 мың теңгеден сатамыз. Болашақта серіктестік Қызылжар ауданында қуаттылығы екі есе жоғары осындай цех ашпақшымыз.

Бүгінгі таңда серіктестіктің цехында 60-тан аса адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық еңбекақылары – 80 мың теңге.

 

Байболат Құлтанов