МТРА жаңалықтары

Криминогендік және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар талқыланды

Жиынға ҚР ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаев пен облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты. Отырыста ІІД-і атқарған жұмыстар сараланды. Өңірдің бас полицейі Берік Біләловтің мәліметінше, былтыр облыс аумағында 9 мыңнан аса қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 11% төмен.

Берік Біләлов – СҚО Ішкі істер департаментінің бастығы:

– Аймағымызда 2 жыл ішінде қылмыстың барлық санаты бойынша төмендеу динамикасы байқалады. Адам өлтіру-6 пайызға, тонау-7, бұзақылық -56, зорлау-44 пайыз, алаяқтық-30 пайызға кеміді. Барлық қылмыстарды ашу көрсеткіші жақсарды. Оның ішінде ауыр қылмыстардың – 87, аса ауыр қылмыстардың 97 пайызының ізі суымай ашылды.

Берік Біләловтің айтуынша, өткен жылы қоғамдық орындарда кәмелет жасына толмаған және маскүнемдермен жасалатын қылмыстар саны азайыпты. Десе де, аймағымызда бөтеннің мүлкіне қол сұғушылық, бұрын сотталғандардың қайта қылмыс жасауы, тұрмыстық зорлық-зомбылық өршіп тұр. Бұл деректерге Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаев та айрықша тоқталып, аталған қылмыс түрлерін азайту бойынша кешенді шаралар атқарылсын деді.

Ерлан Тұрғымбаев – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары:

– Үйлерінде аңшылық қаруын сақтайтын азаматтар баспанасындағы есік-терезелеріне дабыл жүйесін орнатуы керек. Бұл екінші жағынан пәтерді тонаудың алдын алады. Өңірдегі ішкі тәртіпті қамтамасыз етуге барынша күш салыңыздар. Тұрғындар мен шетел азаматтары елдегі қауіпсіздікке ешқандай күмән келтірмеуі тиіс. Түзету мекемелерінен босап шыққан сотталғандарды тұрақты жұмысқа орналастыру басты назарда болуы қажет.

Дей тұрғанмен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев өңірдегі тәртіп сақшылары мен құтқарушылардың жұмысына жақсы деген бағасын берді.

Осы күні ІІД-не бағынышты органдарда материалдық-техникалық база нығайтылуда. Биыл осы мақсатқа бірінші транш ретінде облыс қазынасынан 430 млн теңге бөлінді. Қаражаттың 90 пайызы бейнекамераларды көшелер мен селолық округтерге орнату үшін жұмсалады. Сондай-ақ, қоғамның алдында тәртіп сақшыларының беделі арттырылып, олардың әлеуметтік жағдайы жақсартылуда. Келешекте облыс орталығындағы Жамбыл көшесінде ІІД-нің қызметкерлеріне арналып 100 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй салынады. Жаңа баспанаға “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі”-нде жеке есепшоты бар тәртіп сақшылары қоныстандырылады деді өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов. Кейін әңгіменің ауаны көктемгі су тасқынын болдырмау амалдарына ойысты. Биыл облыс аумағында 100-ден астам елді мекендге қызыл су жетеді деп болжам жасалуда.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Былтыр алапат су тасқыны кезінде бізге өңір агроқұрылымдары да жақсы көмек көрсетті. Тұрғындардың шотына қаржы аударып, 61 елді мекенде инженерлік құрылымдар тұрғызу үшін қаражаттарын бөлді. Өткен жылы ІІД мен ТЖ департаментінің мамандары қоян-қолтық жұмыс жасап, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті. Осы үшін атсалысқан адамдарға алғысымды айтамын. Биыл біз былтырғы келеңсіз жағдайларды болдырмауға тырысамыз. Наурыз айында 43 жаңа трактор және бірнеше су сорғыш құрылғыларын сатып аламыз. Техникаларды аудандарға бөліп береміз.

Жиын барысында еңбегімен ерекшеленген ішкі істер органдарының бөліністері грамота және бағалы сыйлықтармен мараптталды. Ең қомақтысы нива көлігі болды. Қызметтік көліктің кілті СҚО ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына берілді.

Кейін ҚР ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаев өңірдің бас полицейі Берік Біләловке ІІД-нің туын табыс етті. Бұл тәртіп сақшыларының ел алдында өз міндеттеріне адалдығын білдіреді.

Берік Қасен