Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бүгін Петропавлда 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың алауы жағылды

Мағжан Ахмадина- тілші:

– Жер жаһан көз тіккен 28-ші бүкіләлемдік Универсиада ойындарының Алау эстафетасы қаңтардың 25-сі елордада бастау алған болатын. Бүгін алауды жағу рәсімі Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Қостанай және Петропавлға бұйырып отыр. Осыған орай М.Қозыбаев атындағы СҚМУ алаңында мерекелік шаралар басталды. Ауа райының суықтығына қарамастан мұнда жиналған халықтың көңіл күйі көтеріңкі.

Нақ осы жерде алауды жағу акциясы өткізіледі. Ең алдымен алаңға қолдарына Универсиада ойындарының туын ұстаған жастар шықты.

Бұдан соң алаңға жиылғандар ортаға келіп жеткен Универсиада ойындарының бойтұмары – Сұңқарды зор қошеметпен қарсы алды. Бұл құс, жылдамдықты, жеңілдікті, күш-қайратты және жеңіске деген зор құлшынысты білдіреді.

Қазақстан ТМД елдері арасында қысқы Универсиада ойындарын өткізетін алғашқы ел болып отыр. Бұл шара жас мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделін арттыра түсетіндігі сөзсіз. Мұны жиналғандарды үлкен спорт мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов атап өтті.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

–  Универсиадаға 50-ден астам елдің 2 мыңнан астам спортшысы қатысады деп жоспарланған. Біздің облыстан 3 спорт түрі бойынша 8 спортшы ел намысын қорғайды. Спортшыларымызға сәттілік пен жеңіс тілейміз.

Кейін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры- Серік Өмірбаев пен облыс әкімі Ерік Сұлтанов 28-ші бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарының алауын жақты.
Бұдан соң, мамандар факелді тұтандырып оны алғашқы 200 метрлік қашықтықты жүгіріп өтетін өңір жетекшісі Ерік Сұлтановқа табыстады. Аймақ басшысы алауды оқу ордасының алаңынан бастап бассейнге дейін алып өтіп, ҚР-ның жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Маргарита Мұқашеваға берді. Бұл күні ауа райы да эстафеташыларды сынағандай болды. Күн суық, әрі қолға ұстаған факелдің салмағы 4 келі. Бірақ нәзік жанды мұндай шараға қатысудың өзі мәртебе екендігін біледі. Айта кетейік, атлетші 2013 жылы Қазанда өткен 27-ші Универсиада ойындарының жеңімпазы. Сондықтан межелеген қашықтықты жүгіріп өтіп, алауды ҚР волейболдан спорт шеберіне үміткер – Сабира Бекишеваға табыстады. Кейін спортшы журналистерге өз әсерін айтып берді.

Маргарита Мұқашева- Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Бүгін осындай шараға қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Мұндай тарихи сәттің қатысушысы болу мен үшін абырой. Универсиадаға қатыстан спортшыларға сәттілік пен жеңіс тілеймін.

Жалпы елімізде Универсиаданы өткізу туралы шешімді, 2011 жылы Брюселльде халықаралық студенттік федерация қабылдаған болатын. Ойындар спорттың 13 түрі бойынша өтеді. Міне, факел гір көтеру спортынан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Виктор Сайконың қолына тиді. Бұл азаматтың еңбегі ерен. Ол өзінің гір көтеру жарыстарында көрсеткен нәтижесі бойынша 4 рет Гиннес рекордтары кітабына енген болатын. Ардагер Дүниежүзілік Универсиадаға қатысатын ізбасарларына тек жарқын жеңіс тілейді.

Виктор Сайко – гір көтеру спортынан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері:

– Бұл студенттер арасында елімізде бұрын-соңды болмаған жарыс. Сондықтан қазақстандық ұл-қыздар намысты қолдан бермеуге тиісті. Олар көк туымызды көкте желбіретсін. Алтыннан алқа еншілесін.

Ал, эстафетаның екінші кезеңі Тәуелсіздік стеласынан бастау алды. Дәл қазір алауды Брусиловский көшесі бойымен волейболдан ҚР спорт шеберіне үміткер Нұриля Ақжанова алып келеді. Еліміздің жастар құрамасы сапында өнер көрсететін бойжеткен 200 метр жолды артта қалдырды. Сөйтіп, ол факелді қысқы және жазғы президенттік көпсайыс пен жеңіл атлетикадан спорт шебері Александр Наумовқа табыстады.

Нұриля Ақжанова – волейболдан ҚР спорт шеберіне үміткер:

– Эстафетаға қатысу мен үшін үлкен құрмет. Алаумен жүгіріп өтіп, кезекті әріптесіме берген сәтте ереше сезімде болдым. Қазір аздап толқып та тұрмын. Универсиадаға біздің жерлестеріміз де қатысады. Олардың жүлдеге ие болатынына сеніммен қараймын.

Кейін, алауды теріскейліктер Бөкетов, Мир және Абай көшелерімен алып өтті. Міне, көштің алды Әуезов көшесіне де келіп жетті. Бұл жерден кезекті қазақ күресінен ҚР спорт шебері Райымбек Алпысов қабылдады. Ол діттеген жерге кешікпей жетіп, әріптесіне алауды тапсырды. Жас спортшы мұндай маңызды шараға қатысқанына қуанышты.

Райымбек Алпысов – қазақ күресінен ҚР спорт шебері:

 


–  Дүниежүзілік Универсиада ойындарының елімізде өтуі барша қазақстандықтар үшін маңызды. Өйткені, бұл тарихи оқиға болып қалмақ. Жас спортшы ретінде алауды алып өткеніме қуаныштымын. Бұл күн менің мәңгі есімде қалады. Жарыста Қазақстанның спортшылары жеңіске жетеріне сенімдімін.

Бұдан соң, эстафета Интернационал және Жамбыл көшесінде жалғасты. Осылайша шараға қатысушылар алауды “Спорт сарайына” қарай алып жүрді. Діттеген жерге факелді ҚР-ның дзюдодан спорт шебері – Назгүл Маратова жеткізді. Спорт сарайының алдында соңғы 200 метрлік қашықтықты жүгіріп өткен спортшыға жиналғандар зор қолдау көрсетті. Жалпы бұл күні жерлестеріміз 12 шақырымды бағындарды. Айта кету керек, нәзік жанды Универсиада алауын Алматыға жеткізетін жалғыз солтүстікқазақстандық спортшы болмақ.

Назгүл Маратова- дзюдодан ҚР-ның спорт шебері:

–  Мен үшін үлкен абырой, қобалжыдым. Универсиада ойындарының алауын Алматыға апаратыныма қуаныштымын.

Кейін Спорт сарайында үлкен мерекелік шара өтті.

Жерлесттеріміздің ізгі тілектері мен ниеттерін арқалаған алау байрақты бәсекеде спортшыларымыздың жігерін ұштап, биік тұғырдан көрінуіне серпін береді деген сенімдеміз.

Мағжан Ахмадина- тілші:

– Айта кетейік, Универсиада алауы ертең елімідің батыс өңірлерінде тұтанбақ. Кейін қаңтардың 28-і күні бұл көшті Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорған қалалалары жалғастырады. Ал Универсиаданың ресми ашылу салтанаты өтетін қаңтардың 29-да факел Алматыға жеткізіледі.Сөйтіп, төрткүл дүние көзін тіккен байрақты бәсеке бастау алады.

Мағжан Ахмадина