Теріскейлік көрерменге “Махаббат мұнарасы” қойылымы жол тартты

Мәдениет

14:47 25 Қаңтар 2017

Ойға шомған парасатты билеушінің тиышын бәйбішесінен келген сәлемдеме тіпті бұзды. Үлкен ханым мырзаның алдына бұған дейін де бірнеше келген құрт түскен алманы тағы беріп жіберген екен. Бұл ишараның кенже әйеліне қатысы барын іші сезді. Қатал, ақылды билеушіні театрдың жас әртісі Нұрбол Асқаров сомдауда. Мұндай рөлді сомдау оңайға түспеді, қобалжу басым болды дейді, актер.

Нұрбол Асқаров, Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртісі:

– Бұл менің ең қиын да күрделі басты рөлім болды. Әрине, қобалжу да, толқыныс та, дауыстың дірілдеуі де болды. Бірақ оны көрсетпей, рөлді сомдап шықтық.

Ханның кіші ханымға деген пейілі кең, махаббаты ыстық. Бірақ, бұл жолғы жорыққа өзімен тек бәйбішесін ғана ертіп кетті. Ұзаққа созылған шайқастан оралмаған ерін аңсаған кіші ханым сарайдың дәл қасынан оған арнап «Мхаббат мұнарасын» салдырады. Оны шаһардағы ең шебер ұста – Жаппар салып жатты. Күн сайын сарайдың жанынан күмбезі көк тіреген мұнара бой көтеріп келе жатты. Ханым да құрылысты байқауға жиі баратын болды. Сөйтсе, кедей ұста Жаппардың көңілі хан әйеліне ауып кеткен екен. Оның махаббаты кіші ханымның да көңілін жаулаған. Тесік алма мұның барлығын сезіп қалған бәйбішенің ханға жеткізген жаман хабары еді.

Мұнарада Жаппардың кіші ханымға деген шексіз махаббаты бейнеленіп тұр еді. Мұны оған көз тастаған кім де кім болсын байқады. Бұған шыдамаған хан Жаппарды шақыртып қос көзін ойып, қаңғыртып жібереді. Астарлы философия мен аңыз астасып жатқан туынды екі ай бойы әзірленген. Туындыны қоюшы режиссері Батырбек Шәмбетов Ақтау қаласында өткен Әбіш әлемі фестивалі үшін арнайы саханалаған. Ол жақтан біздің әртістер олжалы оралды.

Баатырбек Шамбетов, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының бас режиссері:

– Бұл Әбіш Кекілбаевтің “Махаббат мұнарасы” атты романынан сахналастырылған қойылым. Спектакльді халықаралық “Әбіш әлемі атты фестивальге дайындаған едік.

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында алғаш қойылған проза жанырындағы ерекше туынды көрермендердің көңілінен шықты.

Акбопе Танирберген