Қоғам

Солтүстікқазақстандықтар Мәуліт мерекесін атап өтуде

– Мәуліт – мұсылман халқы үшін Құрбан айт пен Оразадан кейінгі маңызды мереке. Бұл айда Мұхаммед Пайғамбар дүниеге келген. Сондықтан, мейрамның маңызды тұстарының бірі – Пайғамбарға салауат айту.

Мәуліт мерекесі мұсылман елдерінде 1000 жылдан астам уақыт бойы тойланып келеді. Бұл ізгі мейрамды атап өтудегі мақсат – мұсылман қауымға Алла Тағаланың соңғы елшісі Мұхаммед Пайғамбар жайында мәлімет беру. Айтулы күні солтүстікқазақстандықтарды облыс әкімінің атынан бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтап, елімізде діни білімін арттыруда жастар белсенділік танытып жатқандығын атап өтті.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:


–  Имандылық пен ұлттық болмысын бірінші орынға қойған қазақ халқы ғасырлар қойнауында қаншама қиындықтарды бастан өткерді. Бірақ дін тазалығы мен дін имандылығын жоғалтқан емес. Енді жас ұрпақ та осы бағытты ұстанатындарына сенімдіміз.

Биыл жылдың басымен тұспа-тұс келген діни шара 30 күн тойланады. Осы уақыт аралығында Мұхаммед Пайғамбар мен оның сахабаларының ұлық істері, өнегелі өмір жолы мен көрген қиыншылықтары насихатталып, түрлі уағыздар оқылады.

–  Қытайда діни сауаттылық ашуға тыйым салынған. Қазір өз еліме келіп, мешітке барып имамдардан сабақ алып жүрмін.

– Мәуліт мерекесі құтты болсын. Еліміз тиыш, жұртымыз аман болсын.

– Қазіргі жастарға көңілім толады. Өйткені олар діни сауатты болып келеді.

Айту керек, қазір елімізде Мәуліт мерекесі кең көлемде аталып келеді. Бүгінде аға буын кейінгі ұрпаққа бойға имандылық ұялататын әңгіме айтып, жастардың діни сауаттылықтарын арттыруда.

Сейфулла Бейсенбаев – Ғ.Мүсірепов ауданының Жұман Қожа мешітінің бас имамы:

– Ауданда 4 мешіт бар. 12 адам мешітке сауат ашуға келеді. Дені – жастар. Бұл өте жақсы. Діни сауаттылықтарының арқасында жас ұрпақ теріс ағымға, теріс жолға түспейді.

Мәуліт мерекесі ақпан айына дейін аталып өтіледі.

 

Айгерим Ержанова