Қоғам

Өңірде барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесулері жалғасуда

Бұл жиындарда тұрғындардан 82 ескерту мен өтініш түскен. Адамдардың басым көпшілігі жол жөндеуге қатысты сұрақ жолдаған екен. Халықтың өтініші бойынша біраз шаруа атқарылыпты.

Ағзам Тастеміров – Айыртау ауданының әкімі:


–  Былтыр 1 млрд теңгеден аса қаржыға жол жөнделді. Бұл жолдар республикалық, облыстық, аудандық маңызға ие. Осындай жұмыстар әлі де атқарылады. Биыл Саумалкөл-Светлое тас жолындағы шұрық жерлер қайта қалыпқа келтіріледі. Ол үшін 100 млн-ға жуық ақша бөлінді. Мұндай іс “Лобаново-Зеренді”, “Еленовка-Чистополе” жолдарында да жалғаспақ.

Айыртаудың ауасы жұпар, табиғаты шұрайлы. Сондықтан, аталған ауданда туризм саласы жақсы дамыған. Мәселен, былтыр Айыртаудағы 36 демалыс орнында 30 мыңнан аса шетелдік болыпты. Үстіміздегі жылы да туристерді теріскейдің ең көрікті жеріне тарту үшін біршама істі жүзеге асыру жоспарланған.

Ағзам Тастеміров – Айыртау ауданының әкімі:

– 2016 жылы ауданда туризм саласында 4 жоба жүзеге асты. Бірнеше демалыс орындары мен қонақ үй және мейрамхана ашылды. Биыл 13 жоба іске аспақ. Оның ішінде 4 жаңа демалыс орнын халықтың игілігіне беруді жоспарлап отырмыз.

Есептік кездесуде, сондай-ақ, Володар ауылдық округының әкімі Жомарт Оразалин де есеп берді. Бұл селолық округке 7 елді мекен кіреді. Тұрғындардың жалпы саны – 12 жарым мың.

Жомарт Оразалин – Володар ауылдық округының әкімі, Айыртау ауданы:

– Былтыр ауылдық округ құрамына кіретін елді мекендерді абаттандыруға көп көңіл бөлінді. 10 мыңнан аса гүл, 1700-ден артық ағаш көшеттері отырғызылып, 720 тонна қоқыс сыртқа шығарылды. Аялдамалар тұрғызылды. 52 млн теңгеден аса қаржыға жол жөнделді.

Биыл қар көп түсті. Ауыл көшелерін ақ ұлпадан аршу жұмысы ақсап тұр екен. Есептік кездесуде келген Айыртау аудандық маслихатының депутаты Сырымбет Есенғалиев қар тазалауға екпін беру керектігін ескертті.

Сырымбет Есенғалиев – Айыртау аудандық мәслихатының депутаты:

– Қарды кәсіпкелер тазалап үлгере алмай жатыр. Көктемде су басу қаупі бар.

Тағы, саумалкөлдіктерді ауыз су мәселесі де алаңдатады. Селодағы үйлер осыдан 3 жыл бұрын орталықтандырылған су желісіне қосыла бастапты. Дегенмен әлі де халықтың 32 пайызына тіршілік көзі жетпеген. Сол себепті тұрғындар ауыз суды қыстың көзі қырауда құдықтан тасиды.

Ғайни Шәймергенова – Саумалкөл селосының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Өзім “Достық” көшесінде тұрамын. Біздің көшедегі үйлерге су тартылама соны білуге келдім.

Нәзікжандының сұрағына аудан әкімі Ағзам Тастеміров жауап берді. Ол биылғы жылы Саумалкөлде 90 шақырым су құбыры тартылатындығын айтты. Бұл істі Қарағанды қаласының мердігер компаниясы атқармақ. Жалпы, есептік кездесуде тұрғындардан 5 сұрақ түсті. Оның бірі аудан орталығына жаңа стадион салуға қатысты. Бұл мәселе жақын арада өз шешімін таппақ. Биыл Саумалкөлде 500 орынға шақталған, құны 40 миллион болатын спорт нысаны тұрғызылмақ.

Байболат Құлтанов