Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір жетекшісі облыс орталығындағы бірқатар нысандарда болды

Қызмет алушылардың бірі – Елена Молчанова. Петропавл қаласында басқа шағын ауданға көшуіне байланысты тұрғылықты мекен жайын өзгерту үшін келіпті. Мамандардың жұмысына көңілім толады дейді.

Елена Молчанова – қала тұрғыны:

– Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде.
Мен мұнда құжаттарымды ресімдеп, кейін кассаға барып мемлекеттік баж салығы ретінде 227 теңге төледім. Содан кейін мені мамандар бірден тіркеді. Осы аталған жұмыстардың барлығы небары 15 минуттың ішінде тындырылды.

Орталық әкімшілігі биыл адамдарды тіркейтін терезелердің санын 10-ға жеткізіпті. Бұл тұрғындар арасында кезекті болдырмауға мүмкіндік беруде. Күніне мұнда 500 адам келіп тіркеледі екен.

Серік Бейсенов – “Азаматтарға арналған үкімет” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының “ХҚКО” департаменті директорының орынбасары:


– Қаңтардың 7-сінен бері өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 7 мыңнан астам адам уақытша тіркеуге тұрды. Тағы сонша тұрғынға облыстық көші-қон полициясы басқармасы қызмет көрсетті. Орталықта медициналық қызметкерлер, Жергілікті полиция қызметінің мамандары кезекшілік атқаруда. Жұмыс бастан асады деп айта алмаймын. Халықтың нөпірі, ұзын-сонар кезектер болған жоқ.

Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен аймақ басшысы танысты. Ерік Сұлтанов мобильді халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына ерекше тоқталды.
Өңірімізге шамамен жарты жыл уақытқа келген адамдарға әуежай, сапаржай, вокзалдарда жедел түрде қызмет көрсету жағы қарастырылсын деп тапсырма берді.

Артынша, өңір жетекшісі Петропавл трактор зауытына соқты. Былтырдан бері конструкторлар К-704 тракторына тіркелетін 4 себу кешенін құрастырыпты. Оларды аудан агроқұрылымдары сатып алды. Кәсіпорындағылар жыл соңына дейін барлығы 30 себу кешені мен сонша К-704 тракторын құрастырмақшы. Машина мен агрегаттың ортақ құны 49 млн теңгені құрайды. Бүгінде кәсіпорында 60 адам еңбектенеді. Олардың айлық жалақысы 100 мың теңгеден төмен емес. Облыс әкімі білікті мамандардың айлығын көтеру керек деді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біліктілігі жоғары мамандарға жалақы да жақсы төленуі тиіс. Жазға қара айлықтарын 30 мың теңгеге көтерерсіздер деп үміттенемін.

Зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан соң Ерік Сұлтанов Петропавл қаласындағы “Орман” ықшам ауданына барды. Аталған аумақта салынатын үйлердің нобайын көріп, оны өзгерту бойынша қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Серік Сабралинге бірқатар міндеттер жүктеді. Бұл жерде 9 үйдің құрылысы 2011 жылы басталып, аяқсыз қалыпты. Олар қалыпқа келтіруге жарамды деп танылған. Әр баспанның аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Әрбіреуін 12 пәтерлік етіп салуға болады дейді жобалаушы мамандар. Осы тұста облыс әкімі өз ұсынысын айтты.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл жер үйлерді 12 емес 20 пәтерлік етіп салуға болатын шығар. Әр пәтер 50 немесе 70 шаршы метрге шақталса жарап жатыр. Біз мейлінше көп отбасыны баспанамен қамтысақ әлеуметтік мәселелеріміз біртіндеп шешілер еді. Біз бұл үйлерді баспана кезегінде тұрған петропавлдықтарға береміз. Баспаналарға жылу, кәріз және су құбырларын тарту қажет.

Ал мынау – “Солнечный” кентіндегі бос жатқан алқап. Келешекте бұл жерге 700 жер үй тұрғызылады. Соның 200-і “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында бөлінген қаражат есебінен тұрғызылмақшы. Инженерлік комуникациялар тарту үшін Ұлттық қордан 1 млрд теңге бөлінген. Ал жол облыс қаражаты есебінен төселетін болды. Осы учаскедегі тұрғын жайларға баспанаға мұқтаж және “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі”-нде салымы бар адамдар үміт арта алады. Баспананың шаршы метрі 100 мың теңгеге бағаланбақшы.

Берік Қасен