Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО жұмыс сапарымен ҚР ІІМ ТЖ бойынша комитетінің төрағасы Владимир Беккер келді

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығы:


–  Былтыр апаттық-құтқару қызметінің мамандары 2 мың рет құтқару шараларына қатысты. Осылайша, өткен жылы олар 442 адамның өмірін сақтап қалды. ТЖ орын алған жерден 2 мыңнан астам азамат эвакуацияланды. Сонымен қатар, жалпы құны 400 млн теңге болатын бағалы заттар да сақталып қалды.

Былтыр қараша және қаңтар айлары аралығында өңірде қар қалың жауды. Тиісінше, бұл – құтқарушылардың жұмысын еселеді. Өйткені, солтүстікқазақстандықтар әлі де ауа райының бұзылып, жолдардың жабылуына байланысты ескертулерге назар аудармақ емес. Нәтижесінде осы қыста қар құрсауында 213 көлік пен 700-ден астам жолаушы қалған.

 

Енді 2 ай шамасында ақ ұлпаның астында обмылап қалатын кез де аяқталмақ. Бірақ, көктем келе өңірде су тасқыны жиілей түседі. Мәселен, өткен жылдың 12 айында 7 ауданда дәл осындай оқыс жағдай орын алған. Сондықтан өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР ІІМ ТЖ Комитетінің төрағасы Владимир Беккер солтүстікқазақстандықтарға осыған байланысты алдын алу шараларын күшейту керектігін айтты.

Владимир Беккер – ҚР ІІМ ТЖ бойынша Комитетінің төрағасы:

– Өткен жылдары орын алған жағдайлар мен сол кезде жіберілген қателіктерді ескере отыра, биылғы жылға жоспарды нақтылап құру керек. Көктемнің басталуына да шамалы уақыт қалды. Осы қыста біраз аймақтарда қар мөлшерден тыс жауғаны белгілі. Сондықтан жұмысты күшейту қажет.

Дегенмен су тасқынының қандай болатынын дөп басып айту қиын. Бәрі де ауа райыға байланысты дейді мамандар. Мәселен, күн райы наурыз айында жыли бастаса, онда ТЖ орын алмауы да мүмкін. Бірақ, сақтықта қорлық жоқ екендігін де ұмытпаған жөн.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

 


–  Ағымдағы жылдың ақпаны мен наурыз айлары аралығында өңірде тұрғындарға су тасқыны кезінде өзін-өзі ұстау ережелері түсіндіріліп, айлық жүргізіледі. Бүгінде облыс резервінде 340 млн теңгеден астам қаражат бар. Оның 210 млн-ы қажетті шұғыл шығындарға, 90 млн-ы төтенше резервке, ал қалған 40 млн теңге ТЖ-ы жою және алдын алу бағдарламасына көзделіп отыр.

Жалпы биыл өңірде еріген қар суы шамамен 95 елді-мекенге келуі мүмкін.

Айгерім Ержанова