МТРА жаңалықтары

СҚО пробация қызметінде 1050 сотталғанның 98 пайыз еңбекпен қамтылған

Ол 2014 жылы бір адамға ауыр дене жарақатын салып, соттың шешімі бойынша пробация қызметінің қадағалауына алынды. Жұмыспен қамту орталығы мұндай тұлғалар бос жүрмес үшін оларды еңбекпен қамтиды. Александр Денисенконы да қаладығы кәсіпорындардың біріне жұмысқа орналастырған.

Александр Денисенко – шартты түрде бас бостандығынан айырылған:

– Қазір “Мультиплата” серіктестігінде жүк тасушы болып еңбек етемін. Жалақым – 50 мың теңге, уақытылы түсіп тұрады. Зейнетақы жарнасы да мерзімінде жинақтаушы зейнетақы қорындағы есепшотыма аударылып тұрады.

Бүгінде облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметінде 1050 сотталған есепте тұр. Соның 98 пайыз еңбекке қабілетті ерлер мен әйелдер. Бүгінде барлығы өңір кәсіпорындарына орналастырылған. Пробация қызметіне басшылық жасау жөніндегі бөлімінің бастығы Теміржан Елжасов сотталғандарға еңбектің берері мол дейді. Таңертеңнен кешке дейін қолдары жұмыстан босамаған тұлғалардың қайтадан қылмысқа баруға әрекет жасамайтыны анық. Оның үстіне еңбекпен тапқан нан тәтті болады.

Теміржан Елжасов – СҚО бойынша ҚАЖД пробация қызметіне басшылық жасау жөніндегі бөлімінің бастығы:


– Бүгінде пробация қызметінде мүгедек, зейнеткерлер мен кәмелет жасына толмаған балалар да есепте тұр. Олардан басқасының бәрі, яғни экономикалық белсенді азаматтар қоғамдық жұмыстарға тартылған. Олар мемлекетке тегін жұмыс жасайды. Ал түзету жұмыстарына тартылғандардан жалақының 30 пайызға дейінгі бөлігі ұсталады. Бұл олардың әкімшілік айыппұлдарын өтеуге жұмсалады. Бүгінде сотталғандар коммуналдық кәсіпорындарда, селолық әкімдіктерде жұмыс істейді.

Пробация қызметінің қадағалауындағы соталғандар бостандықта, тек олардың қоғамдық орындарда жүріп-тұруы шектелген. Және олар түнгі сағат 10-нен кейін үйлерінде болуы тиіс. Барлығы тұрғылықты мекен жайы бойынша учаскелік полиция инспекторының жіті бақылауында. Есепте тұрғандардың арасында 30-48 жас аралығындағылар көп. Қатарында зейнеткерлер де бар. Олар бұрындары ұрлық-қарлық, алаяқтық сынды орташа қылмыстар жасапты. Сондай-ақ, Пробация қызметінің мамандары мерзімінен бұрын түрмеден босап шыққандарға да әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді. Жұмыс тауып береді, кәсіптік білім алуына, құжаттарын ресімдеуге жәрдемдеседі. Керек болса сотталғандардың басына уақытша баспана табуға көмектеседі.

Берік Қасен