Денсаулық сақтау

СҚО-да 27 отбасы жасанды жолмен бала сүю үшін квота алды

Тыңғылықты тексерістен өткен соң әйел бойына жасанды түрде бала бітеді. Жалпы экстракорпоралды ұрықтандыру орталығында 400 солтүстікқазақстандық жұп есепте тұр. 2016 жылы оның 27-сі мемлекет тарапынан бөлінетін тегін квотаға қол жеткізген. Мұндай қолдаудың бір жұпқа бөлінетін құны – 700 мың теңге. Оған қол жеткізген жұбайлар бірден репродукция бөліміне келеді. Бірақ, барлығының бірдей тілеуі бола бермейді екен.

Ольга Звягина, 3-ші қалалық аурухананың репродукция бөлімшесінің репродуктолог дәрігері:

– 27 әйелдің 14-і дәл қазір жүкітілік кезеңінде. Ал, 12-сі өкінішке қарай теріс көрсеткіш берді. Біреуі әлі бақылауда. Тегін мемлекеттік көмек бойынша кепілдендірілген эко бағдарламасына – әйелдің екі жатыр түтікшесінің болмауы және ерлер бедеулігі жағдайында ғана қол жеткізу мүмкін. Біздің өңірде мұндай мемлекет қолдауын алғандар жыл сайын Тараз, Алматы, Астана қалаларына жөнелтіледі. Ал біз тек ақылы түрде қызмет көрсетеміз.

Бұған дейін бала сүйе алмаудың 70 пайызы әйелдер бойындағы кемшіліктің салдарынан тіркеліп келіпті. Кейінгі жылдары ерлер бедеулігі белең алуда дейді дәрігерлер. Себебі, бүгінгі күні жұбайлардың ұрпақ құша алмауындағы еркек пен әйелдің үлесі тең.

Ольга Звягина, 3-ші қалалық аурухананың репродукция бөлімшесінің репродуктолог дәрігері:

– Жұбайлар ешқандай қорғаныш құралынсыз бір жыл бойы үнемі жыныстық қатынаста болып, әйелдің бойына бала бітпесе бірден маман кеңесіне жүгінулері шарт. Екеуі де толық тексеріліп, емделуі керек. Бірінің бойынан бедеулік анықталса жасанды жолмен балалы болуға кеңес береді. Әйелдің денсаулығы мүлде келмесе, суррогат ананың көмегіне жүгіну фактлері тіркеліп жатады.

Квотаға ілікпеген жерлестеріміз Петропавлдағы экстракорпоралды ұрықтандыру орталығында жасанды ұрықтандыру жасатады. Бұған сәби сүйгісі келген ата-ана дәрі-дәрмегімен қосып санағанда 530 мың теңгесін шығындайды. Теріс көрсеткіш болған жағдайда, алған бетінен қайтпағандары тағы осынша сомасын сарп етеді. Көп жұптарға бірнеше реттен кейін ғана сәби сүю мүмкін болып жатады екен.

Елена Калюжная, 3-ші қалалық аурухананың бас дәрігерінің акушерлік және гинекологиялық қызмет жөніндегі орынбасары:

 


– Бұл бөлімшенің ашылғанына 4 жыл болды. Бұл уақыт ішінде мұнда жасанды жолмен 18 сәби дүниеге келді. Оның алтауы былтыр туылды. Бүгінгі күні біз квота бойынша жұмыс істеуге әзірміз. Қазір денсаулық сақтау министірлігіне құжат жинап жатырмыз. Өзімізде мұндай орталық барда басқа жаққа жүгінудің қажеті жоқ деп санаймын.

Экстракорпоралды ұрықтандыру орталығындағы дәрігерлер шетелге шығып, израилдік, ресейлік мамандармен тәжірибе алмасқан. Мұндағы құрылғылардың барлығы дерлік жаңа. Инкубаторлар мен ота бөлмесінің ауасы да уақытылы ауыстырылып тұрады. Эмбриондарды сақтайтын арнайы камерасы да бар. Шекаралас мемлекеттер мен өзге өңір тұрғындарының арасында да осы орталық қызметіне жүгініп жатқандары бар екен.

Ақбөпе Тәңірберген