МТРА жаңалықтары

Былтыр Петропавлда көліктің ескі шиналарын қайта өңдейтін кәсіпорын 50 млн теңгенің өнімін өткізді

Барлығы 10 шақты аталымы бар. Оларды негізінен балалар алаңқайына, спортпен айналысатын орандарға төсейді. Себебі оның үстіне құлаған адам көбіне жарақат алмайды.

Дулат Токушев -“Soltustik rubber recycling” ЖШС қызметкері:

– Олардың сапасы жоғары 30 жыл пайдалануға жарамды. Қазір мұндай резеңке плиткалар еліміздің барлық қаласындағы балалар алаңқайына төселіпті. Естуімше, олар баланың жарақат алу көрсеткішін 80 пайызға төмендететін көрінеді.

“Soltustik rubber recycling” ЖШС мүйізді ірі қара малдың астына төселетін материалды да жасап шығаруда. Оны негізінен Канада, Германия, Нидерланды елдерінің фермерлері қара малдың аяқ буындары ауырмау үшін қолданады екен. Әрі қыста төсеніште жатқан сиыр сүтті молырақ беретін көрінеді. Олай болса, бұл бұйым ауылшаруашылығы дамыған біздің аймақ үшін де керек. Мұндай өнім автомобильдің ескі шинасынан жасалады. Алдымен шикізат бірнеше кезеңнен өтеді.

Дулат Токушев -“Soltustik rubber recycling” ЖШС қызметкері:

– Мен жұмыс процесін толығымен бақылап жүремін. Зауытта шиналарды сымдарынан ажыратып, оларды үгітеміз. Кейін оны желім және бояумен араластырып қалыпқа салып, тоңазытқышта қатырамыз. Шинаны қайта кәдеге жарататын мұндай зауыттардың Қазақстан бойынша саны 7-еу. Соның бірі өңірімізде тұрғызылды. Мен осында ашылғаннан бері жұмыс істеймін. Жалақымды уақытында алып тұрамын.

Бүгінді зауытта 20 адам еңбектенеді. Былтыр олар 2 мың тонна көлік доңғалағын кәдеге жаратыпты.

Талғатбек Ғалеев – “Soltustik rubber recycling” ЖШС директоры:


– Былтыр жалпы салмағы 2 мың тоннаны құрайтын доңғалақты утилизацияладық. Содан 7 мың резеңке плитка жасалды. Өнімдеріміз көбінесе Астана, Алматы, Атырау, Өскемен, Қостанай қалаларында кең сұранысқа ие.Әзірше, өңірімізден тапсырыстар шамалы.

Өткен жылы “Soltustik rubber recycling” ЖШС-гі 50 млн теңгенің табысын тапқан. Келешекте компания шинадан түйіршіктелген ұнтақтар шығармақшы. Оны жол қабатын төсеген кезде қолдануға тиімді.

Берік Қасен