Құқық қорғау органдары

Петропавлда көлік ұрлаған екі азамат құрықталды

Жедел іздестіру шаралары барысында 2 жігіт ұсталды. Екеуі де бұрындары істі болмаған. Бірі – жүргізуші, екіншісі жүк тасушы болып жұмыс істейді. Машинаның есігін кілт жаратып ашқан екен. Көлікті таныстарында жасырған олар темір тұлпарды бөлшектеп сатып, пайда көрмекші болған.

Күдікті:

– То ли из-за алкоголя ранее выпитого, то ли что… В общем, решили машину эту украсть с целью наживы. Планировали подать объявление и продавать запчасти, потом, в будущем. Увезли к другу на хранение, разобрали ее.

Қазір аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Серік Арғын – Петропавл қаласы ІІБ бірінші полиция бөлімінің тергеушісі:

– Жедел іздестіру шаралары басында Петропавл қаласының 1989 және 1988 жылы туған бұрын сотталмаған тұрғындары ұсталды. Кейін анықталғандай күдіктілер көлікті бұзып сатпақшы болған. Қазіргі таңда ҚР ҚК 188 бабы 2 тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Жалпы өткен жылы облыс аумағында көлік айдап әкетудің 105 және көлік тонаудың 9 фактісі тіркелген. Оның 90 пайыздан астамының беті ашылды. Негізі полицейлер темір тұлпарыңыз ұрланбасын десеңіз дабыл белгісін орнату керек немесе түнгі уақытта күзетілетін тұраққа қою қажет дейді.

Айсулу Сергали