Қоғам

Өткен жылы СҚО ТЖД бірыңғай диспетчерлік қызметі басқармасына 400 мыңнан астам қоңырау шалынған

Жедел кезекшілер мекен жайды, қандай жағдай болғандығын анықтап, жеке құрамды оқиға орнына жөнелтеді. Бұның барлығы шапшаңдықты талап етеді. Себебі, адам өмірін сақтап қалу -құтқарушылардың басты міндеті.

Иван Онищенко – СҚО ТЖД бірыңғай диспетчерлік қызметі басқармасының жедел кезекшісі:

– Бізде бірыңғай диспетчерлік қызметте 112 нөмірінің – 4 және қалалық екі желі бар. Күніне мың, мың екі жүз қоңырау шалынады. Біз тәулік бойы кезекшілік атқарамыз. Сондай-ақ, дауылды ескерту жайлы СМС хабарламалар таратамыз. Ол ұялы байланыс операторлары арқылы жүзеге асырылады. Әр облысқа хабарлама кезегімен жетеді. Сол себепті, ол түнгі уақытта да келуі мүмкін. Бұған тұрғындар түсіністікпен қараса екен дейміз.

Қиын оқиғаға тап болған адамға көмектесу үшін құтқарушылар барын салатыны сөзсіз. Бірақ, олардың адал ісін қадірлемей, ойнап қоңырау шалатындар да жетерлік. Кейбірі телефоным бұғатталып қалды немесе интернетім өшіп қалды деп хабарласады екен. Тіпті, өртеніп жатқан үй туралы жалған ақпарат беретіндер де кездесетін көрінеді.

Иван Онищенко – СҚО ТЖД бірыңғай диспетчерлік қызметі басқармасының жедел кезекшісі:

– Өткен жылы бір әйел қоңырау шалып, үйі өртеніп жатқандығын хабарлады. Өрт сөндірушілер, жедел жәрдем қызметі мен тәртіп сақшылары оқиға орнына жылдам жетті. Бірақ, түскен ақпарат расталмады. Кейін хабарласқан әйелді іздестірдік. Телефоны өшірулі болды. Бірақ, жергілікті полиция қызметімен оны тауып, айыппұл салды. Бұндай жағдайда құқықбұзушы 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Негізі бұндай ерсі қылықтарға мектеп оқушыларымен қатар, ересек адамдар да барады екен.
Жалпы бірыңғай диспетчерлік қызметі басқармасындағылардың еңбегі өлшеусіз. Күн демей, түн демей шалынған қоңырауға бірден әрекет етеді. Жыл басында осы жандардың арқасында Мамлют ауданында ат құлағы көрінбейтін боранда баласымен жолда адасқан әйел ажал аузынан құтқарылған болатын.

 

Риат Шони