Қоғам

Өткен демалыс күндері өңірде 80 көлік қар құрсауында қалды

Айгерім Ержанова, тілші:

– Өткен демалыс күндері өңірімізде ауа райының қолайсыздығына қарамастан 80 жүргізуші жолға шығып, қалың қарда омбылап қалды. Нәтижесінде 300-ге жуық жолаушы құтқарушылардың көмегіне жүгініп, қар құрсауынан алып шығуды өтінген.

Мұндай жағдай өңіріміздің 10 аумағында орын алған. Жолдары жиі жабылып қалатын аудандар тізімінде Айыртау және Тайынша көш бастап тұр.

Евгений Журавлев – СҚО ТЖД мемлекеттiк тiл және ақпарат тобының бас маманы:

– Солтүстікқазақстандықтар ауа райының бұзылатындығы туралы алдын ала ақпараттандырылды. Тиісінше, барлық бағыттағы жолдар да жабылды. Бірақ, ескертуімізді елемегендер орта жолда қалып, біздің көмегімізге мұқтаж болды. Нәтижесінде осы екі күнде қар құрсауында қалғандарды құтқару үшін 16 бірлік техника мен 32 адам жұмылдырылды.

Қуантарлығы, зардап шеккендер жоқ. Бірақ, мамандар, ендігіде жерлестеріміз жіберілген смс-ескертулерге құлақ асып, өз өмірлеріне қауіп төндірмесе екен дейді.

Евгений Журавлев – СҚО ТЖД мемлекеттiк тiл және ақпарат тобының бас маманы:

– Негізі қар құрсауында қалғандар тәулік бойы 112 және 101 нөміріне қоңырау шала алады. Ал құтқарушыларды күтіп отырған кезде көлікті уақыт өткен сайын от алдырып отырған жөн. Бастысы жолға шыққанда ыстық шай құйылған термос пен жылы киімдер алған дұрыс.

Айта кеткен жөн, ең көп қар құрсауында қалған адамдар саны осыдан 2-3 жыл бұрын тіркеліпті. Мәселен, 2014-ші және 2015-ші жылдары мамандар 600-ден астам адамды құтқарған. Жалпы жыл басталғалы өңірде мұндай жолда қалу оқиғалары осымен 3-ші рет орын алып отыр.

 

Айгерім Ержанова