Мәдениет

Жерлес ақын Кәкімбек Салықовтың туғанына – 85 жыл

Жерлес ақын Кәкімбек Салықов өз туындыларын көбіне дәл осындай сезімге беріліп жазатын еді. Биыл оның өмірден озғанына 3 жыл толып отыр. Аймақ басшысының бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров өз сөзінде Кәкімбек ағаның өзі болмаса да, соңында қалған мол мұрасы әр қазақтың жүрегінде мәңгі қалатынын айтты.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:


–  Біртуар тұлға Кәкімбек Салықовтың солтүстікқазақстандықтар үшін орны ерекше. Ол барлық білімі мен тәжірибесін, қажыр-қайратын туған елі мен халқының игілігіне арнады. Сезімге толы шығармалар жазып, кейінгі ұрпаққа қлдырды.

Кәкімбек Салықов – мемлекет және қоғам қайраткері, ақын және композитор. Ол 1932 жылы өңіріміздің Шал ақын ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген. Ал, 55 жылы Мәскеудің түсті металлургия және алтын институтын бітіргеннен кейін Жезқазған кенішінде кен шебері болып алғашқы еңбек жолын бастаған. 77-ші жылы «Сыр» деп аталатын бірінші жыр жинағын жарыққа шығарды. Бүгінде оның 800-ден астам өлеңі кейінгі ұрпаққа мол мұра болып қалып отыр.

Ерлан Салықов – Кәкімбек Салықовтың ұлы:

– Әкемнің мамандығы – тау инженері болса да ол көбіне мемлекеттік қызметте жүрді. Бірақ, бұл оның шығармашылықпен айналысуына еш кедергі болған жоқ. Кез келген жерде қаламы мен қағазын алып өлеңін жаза беретін еді. Оны ең алдымен анамызға көрсететін еді.

Сонымен қатар, Кәкімбек ағаның 500-ге жуық туындысына еліміздің 60-тан астам композиторы ән жазыпты. Бүгінде оның туындыларын елге танылған өнер иелері орындап жүр. Солардың қатарында Қапаш Құлышева да бар.

Шығармашылық кешке халық көптеп жиылды. Айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай арнайы Астанадан келіп отыр. Дәл қазір сахнада ол өзінің ұстазына Арнау оқуда.

Аманжол Әлтай – айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Кәкімбек аға өзінің өнегелі мәнді ғұмырында біздің ұлттық әдебиетімізге ерекше құбылыс болып келген ақындарымыздың бірегейі. Бұл кісінің шығармашылығында біз қазақ даласына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті байқаймыз.

Биыл жерлес ақынның туғанына – 85 жыл. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Оның алғашқысы – ақынның туған өлкесі – Солтүстік өңірден бастау алды.

 

Биыл жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын және композитор Кәкімбек Салықовтың туғанына – 85 жыл. Осыған орай, облыс орталығында ақынның шығармашылығына арналған “Ұлт үшін Ұлытаудай Ұлы қазақ” атты ән кеші өтті. Жиында біртуар тұлғаның ән-жырлары орындалып, өлеңдері оқылды. Толығырақ келесі бейнематериалда.

Айгерим Ержанова