МТРА жаңалықтары

СҚО-да 200-ге жуық сотталушы рақымшылыққа ілікті

Азамат үшін сол жылдың қаңтар айы есінде ұзаққа дейін сақталмақ. Себебі ол басқарған көлік кенеттен жол апатына ұшырап, нәтижесінде қасындағы жолаушысы қаза тапқан. Бұл оқиғада сот Ғалымжан Жұндыбаевты кінәлі деп танып, 4 жылға темір торға тоғытқан. 37 жастағы қарағандылық ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шыққан рақымшылыққа ілігіпті. Енді ол жақын арада өз үйіне оралмақ.

Ғалымжан Жұндыбаев – жазасын өтеуші:

– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заң шықты. Мен соған легіп отырмын. Оған әрине қуаныштымын. Біз секілділерге екінші мүмкіндік беріліп отыр.

Ольшанка елді-мекеніндегі ЕС 164/9 мекемесінде абайсызда қылмыс жасағандар, жазасы жеңіл жандар отырады. Аяғын шалыс басқандардың арасында ең ұзақ мерзімге, 8 жылға дейін сотталғандар да бар.

Мәулен Қасымғожин – ЕС 164/9 мекемесінің бастығы:

– Қазіргі таңда біздің мекемеде 59 сотталған жазасын өтеуде. Оның 42-сі рақымшылық жасау туралы заң жобасына ілікті. Бұлардың 36-сы орташа ауыр санатқа жататын қылмыс жасағандар. Бүгінгі күнге дейін бір азамат осы заң жобасы бойынша еркіндікке шықты.

Қазіргі таңда өңірдегі 6 түзету мекемесінде 2 мыңға жуық қылмыскер өз жазасын өтеуде. Оның 200-ден астамы рақымшылыққа ілікті. Арасында 130 солтүстікқазақстандық пен ТМД елдерінің 6 азаматы бар. Енді алдағы уақытта олардың ісін сот қарастырып, тиісті үкімін шығарады.

Әділет Мұстафинов – СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары:

– Рақымшылыққа іліккендердің арасында бостандыққа шығуға 40 адам, жазасын жеңілдетуге 63, сонымен қатар, мерзімін қысқартуға 99 қылмыскер лайықты деп танылды. Бұл өзгерістер ақпан айында жүзеге аса бастайды. Жалпы рықымшылық жасау туралы заң жобасы өз күшіне енгеннен бастап жарты жылға дейін жұмыс істейді.

Айта кету қажет, еліміз Тәуелсіздік алған жылдары бұған дейін 8 рет рақымшылық жарияланған.

Риат Шони,тілші:

– Елбасы жарлығымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шыққан рақымшылық жасау туралы заң жобасы бойынша Қазақстанда 28 мың адамға кешірім жасалады. Оның мың жарымға жуығы бостандыққа шықпақ. Бірақ бұның 80- пайызы пробация қызметінің бақылауында болады. Айта кету қажет, террористік және экстремистік сынды өте ауыр қылмыс жасағандарға рақымшылық жасалынбайды.

 

Риат Шони