Аптадағы маңызды жаңалықтар

Булаев қаласы әкімінің міндетін атқарушы Алмас Сералинов халық алдында есеп берді

Алмас Сералинов – Булаев қаласы әкімінің міндетін атқарушы, М.Жұмабаев ауданы:

– Булаев қаласының ішкі жолдары 83,8 шақырымды құрайды. Былтыр біз көшелерге шамамен 21 млн теңгеге қиыршық тас төсеп, жөндеу жасадық. Ауыз су 130 үйге тартылды. Тағы, аудан орталығындағы 9 мекеме тіршілік көзі жеткізілетін желіге қосылды. Қаламыздағы ауруханаға 77 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 3 бірдей шағын футбол алаңы тұрғызылды.

Қаланы абаттандыруға да біраз көңіл бөлінген көрінеді. Саябақтар қайта қалыпқа келтіріліп, гүлдер отырғызылған. Балалардың ойын алаңдары көбейіпті. Тағы, қоқыс төгу орындары да тазартылған.
Көктемгі су тасқынына дайындық бүгіннен қызу жүргізілуде. Былтыр қауырт маусымда 10 үй қар суының астында қалған болатын. Осыған орай мамандар ақ ұлпаны қазірден бастап сыртқа шығаруда.
Атқарылған іс мол, бірақ бұнымен мәселе біткен жоқ. Мысалы, аудан орталығында соңғы жылдары қаңғыбас иттер көбейіп кеткен.

Алмас Сералинов – Булаев қаласы әкімінің міндетін атқарушы, М.Жұмабаев ауданы:

– Қазір қаңғыбас иттерді аулау үшін арнайы бригада құрдық. Олар өткен жылы 115 иттің көзін жойды. Бұл тазарту жұмысы алдағы уақытта да жүзеге асырылатын болады.

Тұрғындарды толғандырған тағы бір мәселе ол – жарық шамдарының аздығы. Фонарьлар бір көшеде бар болса, кейбірінде мүлдем жоқ. Халық қараңғыда жүріп-тұруымыз қиын деп базыналарын айтты.

Гүлнәр Низамова – М. Жұмабаев аудандық орталық ауруханасының дәрігері:

– Пионер көшесіне жарық шамдарының орнатсаңыздар жақсы болар еді. Таңертең балаларымыз мектепке бара алмай қиналады.

Алмас Сералинов – Булаев қаласы әкімінің міндетін атқарушы:

– Қазір қала бойынша 650 жарық шамы орнатылған. Өткен жылы бұл іске 928 мың теңге жұмсадық. Сіздің сұрағыңызды қарауымызға аламыз. Биыл көшелерге 70 фонарь орнатуды жоспарлап отырмыз.

Ал, жергілікті дәрігер Ирина Боднарь аудандық орталық аурухананың кіре беріс аумағындағы жолдың жағдайына алаңдаулы. Әсіресе, көктем мезгілінде жаяу тұрмақ, көлікпен жүре алмай қиналамыз дейді.

Ирину Боднарь – М. Жұмабаев аудандық орталық ауруханасының дәрігері:

 

– Аудандық орталық аурухананың алдындағы жолға жөндеу жасала ма!? Былтырғы көктем-күзде жаңбырдың салдарынан маңайымыз саз-батпақ болып кетті. Осы істі бір жақты етсеңіздер екен.

Бұл сұрақ назарға алынатын болды. Жалпы, есептік кездесуде бас-аяғы 7 сұрақ қаралды. Бүгінде Булаев қаласында 2500 мың үй бар. Халқының саны 8 мыңға жақын.

Байболат Құлтанов