МТРА жаңалықтары

Әскери прокурорлар өткен жылды қорытындылады

Нәтижесінде 200-ден астам тұлға тәртіптік және тағы 31-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қадағалушы орган өкілдерінің айтуынша, Петропавл гарнизонында 2016-шы жылы қылмыс саны 16%-ға көбейген.

Талғат Бекбергенов – Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:

– 2015-ші жылмен салыстырғанда былтыр гарнизонда қылмыс саны 12-ден 14-ке дейін ұлғайған. Оның 8-і әскери қылмыс, ал 4-уі жемкорлыққа қатысты. Қалғаны жалпы қылмыстық іс. Заңбұзушылықтың денін біз шекарашылардан анықтап отырмыз. Мәселен, өткен жылы олар 9 заңбұзушылыққа жол берген.

Былтыр еліміздің 2032 әскери бөлімінің қызметкері теміржол учаскесінде Қазақстан шекарасынан асуға тыйым салынған азаматты заңсыз өткізген. Ол тіпті, кезекті жүргізілген паспортық бақылау кезінде тұлғаның өзге адамның құжаттарымен жүргенін де байқамаған. Осылайша, заңбұзушы қазақстандық Ресей мен Түркия арқылы Сирияға дейін жеткен. Бүгінде оған қатысты іздеу жарияланыпты. Бұл біздің мемлекетіміздің мүддесіне елеулі зиян келтiріп отыр дейді әскери прокурор Талғат Бекбергенов.

Талғат Бекбергенов – Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:


–  Сонымен бірге, өткен жылы Петропавлда алғаш рет әкімшілік полиция қызметкерлеріне бағынбай, құжаттарын көрсетуден бас тартқан әскери ұсталды. Ол түнгі уақытта қала тұрғындарының мазасын алып, құқық бұзушылық жасаған. Осылайша, әскери институттың қызметкері бұл қылығы үшін жұмыстан қуылып, жазаланды.

2016 жылы әскери прокурорлардың қатысуымен, 10 әскери азаматтың құқықтары қайта қалпына келтіріліпті. Сонымен қатар, мемлекет бюджетіне 3 млн теңгеге жуық қаражат қайтарылған. Және 1,5 млн теңге әкімшілік айппұл өндірілініп алынды.

Талғат Бекбергенов – Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:

 

– Бұдан бөлек, былтыр біз әскерилерге заңсыз берілген 4 қызметтік пәтерді анықтадық. Бүгінде олар әскери соттың шешімімен баспаналарды босатты. Және өткен жылы кейбір шенділерге үй жалдау үшін берілген қаржының да заңсыз екендігі белгілі болды. Осылайша, мемлекетке 2 млн 300 мың теңге көлемінде шығын келтірілген.

Әскери прокурорлардың айтуынша, мұндай тексерістер 2017-ші жылда да жиі жүргізілмек. Әсіресе, биыл әскерилердің әлеуметтік қорғау мәселелеріне, бюджет шығыстарының заңдылығы мен мемлекет шекарасының қорғалуына баса назар аударылмақ.

Айгерім Ержанова