МТРА жаңалықтары

СҚО наркологиялық орталықта 7 мыңнан астам солтүстікқазақстандық есепте тұр

Ащы судан ұрттаса болды, ұзақ мерзімге салынып кетеді. Қала тұрғыны мұнда емделуге бір емес бірнеше мәрте келген. Соңғы рет желтоқсанның 27-і күні жүгінген ол, жуырда ем-дом шараларын аяқтап үйіне оралмақ.

Александр – ішімдікке тәуелді:

– Орталықтағы дәрігерлер мені тура айтқанда о, дүниеден алып шықты. Қазір ем-дом шараларым жақсы жүріп жатыр. Жуырда үйге ораламын. Ішімдік үшін отбасымның шырқы бұзылды. Орталықтан шыққаннан кейін жанұяммен қайта қосылуға тырысамын. Алға қойған жоспарларым да бар.

Қазір наркологиялық орталықта 100-ден аса адам емделуде. Олардың 20 пайызға жуығын туған-туыстары мәжбүрлеп жатқызған екен. Маскүнемдер мен нашақорлардың дені камерадан жүздерін алып қашады. Бірақ науқастан айығып, елге үлгі болып, жол сілтегісі келетін адамдар да табылды. Бүгін мұнда орталықта кезінде емделген Евгений Заянц пен Алексей Пришиц келіп, науқастармен тілдесуде. 37 жастағы Евгений Заянц 21 жыл бойы есірткіге тәуелді болған.

Евгений Заянц:

– Мен есірткі тәуелділігінен арылғалы бері өмірі түбегейлі өзгерді. Өмірдің жаңа парағын бастадым. Қазір отбасым, екі қызым бар. Қоғамның бір мүшесі екендігімді сезіндім. Есірткіні мен алғаш рет ата-анаммен, достарыммен ұрсыса бергенде пайдаландым. Кейін тоқтай алмай кеттім. Ал қазір барлығы тамаша.

Алексей Пришиц:

– Мен бұнда 10 жыл бұрын емделіп шықтым. 13 жасымда темекі, арақ деген зұлымдармен таныстым. Кейін 15-імде анаша шегіп, біртінде тамырыма ине сала бастадым. Ал 17 жасымда наркологиялық орталықтан бір-ақ шықтым. Енді қазір өмірім жақсарды. 5 балам бар. Өзімді бақытты сезінемін. Бұл індеттен арылу үшін бастысы өзіңнің ниетің болу керек.

Наркологиялық орталықта науқастарды түрлі әдістермен емдейді. Бүгінде мұнда 100 мейірбике мен 20 дәрігер жұмыс істейді.

Раушан Баймағамбетова – облыстық наркологиялық орталықтың №1 бөлімшесінің нарколог-дәрігері:

 

– Былтыр біздің орталыққа жүгінген науқастардың саны 7111-ге жетті. Оның ішінде ішімдікке тәуелділер 6325, ал нашақорлар 786. Науқастарды детокс терапиямен емдейміз.

Есірткіге тәуелділік – ол жан азабы. Бұл зұлымды қолдану өзіңе, сонымен қатар жақындарың мен қоршаған ортаға зиян әкеледі. Есірткіні пайдаланудың салдары дене мүшелерін шірітіп, өмір сүру ұзақтығын қысқартады. Кейін адамды көрге дейін апарады.

Риат Шони