МТРА жаңалықтары

Православ сеніміндегі жамағат “Крещение Господне” мерекесін атап өтуде

Бұл мерекеде әр жыл сайын крест шеруі ұйымдастырылады. Биыл да қалыптасқан дәстүр бұзылған жоқ. Шіркеудегі жұртшылық бір-бірінің соңына ілесіп, Есіл өзеніне қарай бет алды.

Байболат Құлтанов, тілші:

– 19 қаңтар – православ сеніміндегі христиандар үшін ерекше. Бұл күн қасиетті саналады. Сондықтан өзен-көлдерге шамылу заңдылық.

“Крещение Господне” мерекесінің 2 мың жылдық тарихы бар. Осынау көне мейрамда су ерекше қасиетке ие болады делінген. Сондықтан Петропавл және Булаев епархиясының епископы Владимир кресті Есіл өзеніне малып, дұға оқыды. Тұрғындар өзен суын ыдыстарына құйып алуда.

Владимир – Петропавл-Булаев епархиясының епископы:

– Кезінде Иса пайғамбар Иорданға барып, суды крест арқылы аластады деген аңыз бар. Осыдан “Крещение Господне” мерекесі бастау алады. Бұл мейрамды біз бір кісідей атап өтуді дәстүрге айналдырдық.

Жерлестеріміз тазарған тіршілік көзін түрлі қажеттіліктері үшін пайдаланамыз дейді. Айта кеткен, жөн бұл су бірнеше жыл бұзылмайтын қасиетке ие.

–  Су шынымен де қасиетті. Оны үйдің ішін аластау үшін аламын. Тіршілік көзінде ерекеше күш бар.

–  Су алу үшін арнайы келдім. Оны ауырғанда ішемін. Гүлдерді суарамын.

Қаңтардың қытымыр қысы өзінің қаһарын танытып тұр. Дегенмен, қасиетті суға шомыламыз дейтіндер біршама. Ересек азаматтар мен қатар жас балалар, тіпті қыз-келіншектер де мұндай мүмкіндікке ие болды.

Өзенге түсіп шыққандардың бірі – Денис Мешалкин. Қала тұрғыны діни мерекеде суға шомылуды дәстүрге айналдырған. Өйткені, аластатылған суда күнәларды жуып-шайып, дерттен айығуға болады дейді, ол.

Денис Мешалкин – қала тұрғыны:


–  Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Бойымда ерекше күш пайда болғандай. Мерекеде суға шомылуды әдетке айналдырғалы бері мүлде ауырмадым. Барлық тұрғындарға өзенге түсуге кеңес берем. Су ондай салқын емес.

Сонымен қатар, бұл күні құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен жедел жәрдем қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет етті. Олар өзен жағасына келгендердің денсаулығы мен қауіпсіздігін қатаң бақылауда.

Антон Коптяев – СҚО ТЖД “Жедел-құтқару жасағы” басшысының орынбасары:

– Мерекеге орай шомылу орындары қалалық жағажай мен “Речпорт” ауданында дайындалды. Ол жерлерде біздің 20-дан аса маман қауіпсіздік шараларын мұқият бақылауда. Тағы, 4 бірлік техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, екі қалалық жағажайда екі шатыр тігілді. Онда суға шомылушылар киініп, шешіне алады.

Діни мерекеде өзен-көлдердегі барлық су ерекше қасиетке ие болады деген халық арасында сенім бар.

 

Байболат Құлтанов